«Нұрбанк» ғимаратының маңында болған кісі өлімі бойынша алғашқы тыңдау өтті

Бүгін 28-қарашада ОҚО сотта «Нұрбанк» ғимаратының маңында болған кісі өлімі бойынша алғашқы тыңдау өтті. «Отырар» телеарнасының түсіру тобына отырыстың тек бастапқы бөлігін ғана түсіруге мүмкіндік берілді. Өйткені, жауапкер мен оның қорғаушысы БАҚ-тың процеске қатысуына үзілді-кесілді қарсы болды.

Айта кету керек, бұл отырыста екі адам жауапкер болып табылады. Оның бірі бұрынғы полицей. Ол кісі өлімі мен қарақшылық шабуыл фактілері бойынша айыпталуда. Еске сала кетейік, биылғы жылдың сәуір айында Нұрбанк жанында жеке меншік мекеменің қызметкеріне оқ жұмсап, 30 млн. теңгесін қағып кеткен болатын.

Қазір бұл іс бойынша күдіктілер анықталып, енді олар сот залында отыр. Процестің барысын түсіруге мүмкіндік берілмегенімен, судья БАҚ-на отырысты түсіретін бейнекамералардың материалдарын пайдалануына болатынын мәлімдеді.