Жаңалықтар 

Састөбедегі электр бағандары апатты жағдайда

Түлкібас ауданындағы Састөбе ауылының тұрғындары бүгінгі күні жанын шүберекке түйіп күнелтуде. Себебі, ауылдың арасын кесіп өтетін ондағы кернеуі 6 мың вольттік бағандар құлаудың сәл-ақ алдында тұр. Ондағы «Жеңіс» көшесінде Кеңес уақытында бағанның құлап, шартараптың өртене жаздағанын электр маманы Серік Кәрібаев қазір қорқынышпен еске алады. Содан бері кернеулік қуаты 6 мың вольттік электр желісінің жаңаланғанына 60 жылдан асыпты. Тоқ тұйықталып, баған тағы құласа көшеміздегі бірқатар баспананың зардап шегері анық  дейді ондағы жұрт.

Ауылдағы осы сынды 112 бағанның жаңалануын күтіп тұрғанын айтқан жергілікті әкім Кәрімжан Жақсылықов мәселенің күрделенуін «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-інен көреді. Айтуынша, 2011 жылдың аяғына дейін аталмыш мекеме Састөбені жаңа бағандармен қамтуды уәде еткен. Әкім бұл ісін аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімімен бірге атқарғанын алға тартады.

Кәрімжан Жақсылықов, Түлкібас ауданы Састөбе ауылдық округінің әкімі: «Аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімі арқылы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-не бірнеше рет хат жолдағанбыз. Айтуларынша, осы жылдың аяғына дейін бар шаруаны ретке келтіретін болған. Бағандардың осы күнге дейін ауыстырылмай жатуына ондағылар өз кезегінің келмеуін айтуда. Жылдың аяғына дейін «Жеңіс» көшесіндегі бағандар биыл толық ауыстырылады деп уәде бере алмаймын. Өйткені, ол «Оңтүстік Жарық Транзиттің» балансындағы шаруа».

Дегенмен «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесі бұл мәселеден хабарсыз болып шықты. Ауылдық әкімдік тұрмақ, Түлкібас ауданының басшысы да мекемеге хат жолдамаған. Алайда, Састөбеге электр бағандарын орнату жоспары 2012 мен 2013 жылдың еншісіндегі іс деді бізге ондағылар. Онда да Жеңіс көшесі жоспарда жоқ.

Әлайдар Алтыбаев, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і орталық электр қуатын тарату қызметі бастығының орынбасары: «Ресми түрде біздің мекемеге арыз келіп түскен емес. Састөбедегі кернеуі 0,4 вольттік 6 көше қазір біздің балансымызда. Алдағы 2 жылда Қ.Тұрысбеков көшесінен бастап, Састөбе, Мичурин, Профилактория, Шоферская және Поселковая жолына дейін жалпы ұзындығы 17,7 шақырым электр желісінің 11,7 шақырымына бағандар орнатылмақ. Ал «Жеңіс» көшесінің тіреуіштерін жаңарту 2014-2015 жылдардың еншісіне қалады».

«Жеңіс» көшесіндегі бағандар енді 2014 пен 2015 жылды күтуіне тура келеді. Мамандар сол мерзімге дейін тіреуіштер шыдайды деп отыр. Дегенмен, Састөбедегі Шақпақ желіне осы күнде ақ тербеліп тұрған электр желілерінің құламайтынына ешкім кепілдік бермесі анық. Тіреуіш құлаған күні сол маңдағы көөөппп үй отқа орануы әбден мүмкін деді бізге электр маманы Серік Кәрібаев.

 

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz