Жаңалықтар 

Таулы өлке Тәуелсіздік тойына дайын

Түлкібастықтар Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойын ерекше қарсы алып жатыр. Ауданда спорт кешендері мен алаңдарын жергілікті кәсіпкерлер ашып беріп, салауатты өмір салтын жолға қоюға атсалысуда. Таяуда ғана  таулы өлкедегі Машат ауылдық округіне қарасты бес елді-мекенде спорт алаңдары күрделі жөндеуден өтіп, жаңарған кейіпте пайдалануға берілді.

Аудан әкімі Қайрат Әбдуәлиевтің сөзінше, спорт алаңдарын ретке келтірудің биылғы жоспары 100 пайызға орындалыпты.

Келер жылдан бастап аудандағы әр ауылға бір-бірден арнайы спорт алаңдарын салдырып беру жоспары бар. Мұны аудан басшысы «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» бағдарламасы бойынша іске асырмақ екен.

Меруерт Ешенқұл, мектеп оқушысы: «Бұрынғы спорт алаңы тар болатын, қысылатынбыз. Енді міне, бізге жақсы болып қалды. Қалаған спорт түрімен шұғылдануға мүмкіндігіміз бар. Бұрын бос уақытымызда не істейміз деуші едік. Бұдан былай осы жерге келіп, ағайлармен бірге жаттығатын боламыз.

Мәселен, аудандағы «Ынтымақ» ауылындағы спорт алаңына жұмсалған 700 мың теңге қаржыны осындағы цемент зауыты мен жергілікті өндірістік кооператив берген. Ал Машат ауылынан шыққан кәсіпкер азамат демеушілік жасап, спорт кешенін сыйға тартыпты. Құрылысы мен спорт жабдықтарына 32 миллион теңге жұмсалып, қысы-жазы дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндігі бар тұрмысы түзелген тұрғындар салауатты өмір салтын ұстануға ынталы.

Мұнан бөлек Түлкібас ауданында «Жастар аллеясы» пайдалануға берілді. Бір жылдың ішінде бірнеше ауылға көгілдір отын жеткізіліп, таза ауыз су құбырлары тартылды. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында әлеуметтік нысандар көптеп пайдалануға беріліп жатыр.

Еңбек ауылында тұратын мыңға тарта тұрғын енді ауыз суды бұрынғыдай піспе құдықтан тартып ішпейтін болады. Ауыл тұрғыны Наурызбай Сейдалиев таза суды тұтыну арқылы ғана мықты денсаулыққа ие боламыз дейді. Біздің ауылымызда да тіршілік нәрінің ойдағыдай шешілгеніне разымын деп ағынан жарылады ақкөңіл жан.

Еңбек ауылына таза су жеткізу үшін 88 миллионнан аса теңге қаржы облыстық бюджеттен бөлінген. Айта өткен жөн, ауызсумен осы кезде Сайрам ауданына қарасты Таскешу ауылы да қамтамасыз етілді. Ондағы 183 отбасы бұдан былай піспек құдық арқылы су тасып, абыржымайтын болдық деп шаттануда. Жалпы, жыл соңына дейін аталған аудандарда тағы да бірнеше әлеуметтік нысан ел игілігіне берілмекші.

Related posts