Жаңалықтар 

Жолаушы тасымалдаушылар қоғамдық көліктерін жүргізбейміз деп отыр

Автобустар мен бағыттағы көліктердің аузы-мұрнына шығып жолаушыларға лық толып жүретініне көзіміз үйренгелі қашан. Ал қыс қаһарына мінгенде қаладағы көптеген қоғамдық және бағыттағы көліктер шықпай қалу қаупі бар. Мұндай хабарламаны жолаушы тасымалдаушы компанияның жүргізушілері айтуда. Өйткені, Шымкенттегі автобустар қысқа дайын емес. Қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі жолаушылардың діттеген жеріне уақытында жете алмауы себеп болып отыр.

Мәселен, 18 жылдан бері жүргізушілік міндетті атқарып келе жатқан Қуаныш Сыздықовтың қоғамдық көлігі жолаушыларды тасымалдау сәтінде бұзылған. Көліктегі ақаудың айтарлықтай болғаны соншалық тіпті, мұның тілін көп жылдық тәжірибесі бар азаматтың өзі тауып, көлігін жүргізіп әкете алмапты. Дегенмен Қ.Сыздықовты көлік ақауының қиыншылығы емес, қаһарлана келген қыс тығырыққа тіреп отыр. Жүргізуші азамат егер де биылғы қыс тым суық болса жолаушы тасымалдамаймын деп белді бекем буып алған.

Қуаныш Сыздықов, жүргізуші: Қазір қыстық дизельдік отын жоқ. Жаздық жанармайды жағу үшін таңғы 5-те тұрып ерітуімізге тура келеді. Ал көлік доңғалағы 65 мың теңгеге шықты қазір. Енді сужаңа алты доңғалақ сатып алу үшін 2,5-3 мың АҚШ долларын қалтаңыз көтере білуі керек. Ертең көктайғақта не істейтінімді өзім де білмеймін. Шынымды айтсам, көлігімнің мынадай жағдайымен жолаушы тасымалдауға қорқамын.

Бүгінгі күні қарбалас жұмыс күніне қарамай көптеген қоғамдық көліктер көлік паркінде тұрақтауда. Себебі, жылы ауа райына арналған дизельдік отынның өзі қатып қалып жатқан жайы бар. Әрине, бұл мәселе шымкенттік тұрғындардың басын қатырмайтыны рас қой. Олар күнұзаққа тоңып тұрып өз бағытына жүретін автобусын күтуден шаршамайды.

Қоғамдық көлік тапшылығын қалалық әкімдік те біледі. Айтуларынша, мемлекет шымкенттік тұрғындарды қоғамдық көліксіз қалдырмайтын көрінеді.

Қалалық көлік және коммуникация секторының меңгерушісі Ерсейіт Бұхарбаевтың сөзінше, бүгінгі күні аталмыш жәйттерді реттеу үшін өнеркәсіп басқармасымен тиісті келісім-шарттар жасалып жатыр екен.

Яғни, мәселе жақында шешімін таппақшы. Әрине, шыда жаным, шыда дегеннен артық мұндайда аузыңызға сөз түспейтін шығар. Сәл шыдасақ қысты өткеріп, көктем қарсы алып тағы күйбеңге басамыз емес пе?! Әйтеуір, бір күні бұл түйткіл де шешілетін күн жақындайды дейді ғой. Расымен де солай ма? Сіз осы сөзге сенесіз бе, сайтымыздың оқырманы?

 

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz