Бала тәрбиесі басты назарда

357
№102 мектеп оқушылары

ОҚО Сайрам ауданына қарасты №102 мектепте  «Жасөспірім және заң» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. Жиналғандар қоғамда орын алып отырған жасөспірімдер арасындағы қылмыстың кеңетек алып бара жатуының себеп-салдарын талқыға салды.

Айта кету керек, атаулы білім ордасының оқушылары бұл тақырыпқа жан-жақты дайындалып, алдыңғы толқын ағаларға сауалды сөз бен емес, арнайы қойылым арқылы беріп отырды.

Жаныңызды түршіктіретін көріністерден өмірдің ащы шындығын суреттеген жастар, заң аясында сауатты әрі нақты жауап алды.

«Өз құқығың – өз қолыңда, еңбек етші өз жолыңда» дегендей дөңгелек үстелге қатысушы облысымыздағы балалардың құқықтарын қорғау департаменті бастығының орынбасары Райхан Зұлпыхарова атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстыра отырып, «бала бол, басқа бол – бәріңе заң біреу-ақ» деді.

Сондай-ақ, жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмау мақсатында облыс бойынша атқарылып жатқан «Балаға мейірімді қала» бағдарламасымен таныстырып, Сайрамдықтарды да бір кісідей ат салысуға шақырды.

Ал Сайрам аудандық білім беру бөлімінің психолог маманы Музаффар Гаппаров оқушыларға басқа түскен қиыншылықты қалай жеңуге болатын жолдарын көрсетіп, көптің көңілінен шықты. Оларды ата-анамен үнемі ашық байланысты болуға шақырып, «өз-өзіне қол жұмсаудан» аулақ болуды түсіндірді.

Айтпақшы, мұнда тағы да жетіспей жүрген мектеп инспекторларының сапасыз жұмысы мен жауапкершіліктерінің жоқтығы сөз болды.