Жаңалықтар 

Еңбеккерлерді құр алақан қалдырғандардың ісі әшкерленді

Халықаралық магистральдан пайда көріп, қалтаға басып қалудың әрекетін жасаған мердігер. Батыс Еуропа-Батыс Қытай авто дәлізінің құрылысы арқылы әлдебіреулер айлаға көшіп, тер төккен еңбеккерлерді құр алақан қалдырды. «Астана строй сервис» корпорациясы 6 айдан бері жұмысшылардың жалақысын бермей келеді. Екі қолға бір күрек таптық деп, шалғай аудандардан қуанып келген еңбеккерлердің осы уақыттан бері салысы суға кетті.

Өйткені олардың бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Барлық құзырлы органдар есігін жылы жауып қоя салады. 6 айдан бері аптаған ыстық пен қытымыр суықта қиындыққа төзіп, еңбек еткен азаматтар мердігердің мұндай әрекетіне наразы.

Жұмысшылар айтып отырған «Астана строй сервис» корпорациясы қосалқы мердігер болып табылады. Жалақы беруден жалтарып жүрген бұл мекемені сұрастыра келсек, ол бұрыннан бері аты-шулы мердігер болып шықты. Мемлекеттен тапсырыс алып, жұмысшылардың жеккеннен кейін осылай міндетіне мін келтіруі әдетке айналған екен. Телеарнаның түсіру тобы құзырлы органдармен зерттеу жүргізуге көшкенін естісе керек, араға аз ғана уақыт салып, мердігер қарызын қайтаруға кірісіпті.

Айта кету керек, Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық магистралін салушы мердігерлердің арасында міндетіне мін келтіргені тек осы ғана. Бірақ өзге кәсіпорындар мен серіктестіктердің арасында жалақы төлеуден жалтарып жүргені жетерлік. Бүгінде облыста жұмыс берушілердің 68 млн. теңге қордаланған қарызы бар.

Еңбек инспекциясы мұндай мекемелермен сот арқылы мәжбүрлеп өндіру әдісіне көшіпті. Өйткені, ескерту беру мен әкімшілік шара көруден кәсіпорындар мен серіктестіктердің еті үйреніп кеткен сияқты.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz