Шымкентте қысқы дизельді отын жоқ

Дизельді отынның жетіспеушілігі әсіресе қоғамдық көліктерде байқалды

Шымкентте қоғамдық көліктердің 50 пайызы бағытқа шықпай қалды. Бұл қала тұрғындары арасында айтарлықтай қиындық туғызды. Бірер күнгі демалыстан соң жұмысқа шыққан жұрт діттеген жеріне уақытылы жете алмай абдырап қалды.

Таңғы сағат алтыдан бері Сергейдің қолынан дәнекерлегіш шамы түскен жоқ. Бірнеше сағаттан бері автобусын оталдыра алмай әлек. Қанша әуреленгенімен қыстық сұйық отын ала алмай, ақыры бағытқа шығудан қалды.

Жүргізуші: «Дизельді отын жоқ. Бүгін бар жұмысым қалды. Енді қыздырудан түк шықпайтын сияқты».

Шымкенттегі қоғамдық көліктерден бөлек, қалааралық автобустар да жолға шықпай қалды. Мұның бәрі қыстық сұйық отынның жоқтығынан. Жанармай құю бекеттерінде қыстықтың орнына жазғы дизельді отын сатып жатыр деп ашынады жүргізушілер.

Шымкенттегі тасымалдаушылар осындай жағдайдың орын алмауы үшін жолақы құнын көтеру керек деп бастама көтерген болатын. Өткен жылы тасымал құны 35 теңге болған кезде, дизельді отын 50 теңге тұратын. Ал биыл сұйық отын бағасы 90 теңгеге бір-ақ жеткенде, жолақы құнының өзгермеуі жығылған үстіне жұдырық болып отыр.

Бірақ қақаған суықта бұл туралы ешқандай мәселе де көтеріліп жатқан жоқ. Жүргізушілер жергілікті биліктен қыстық сұйық отынмен қамтуды сұрап отыр. Әйтпесе, шымкенттіктердің жаяу жүруіне тура келеді.