Жас баланы ерекше қатыгездікпен өлтірмек болғандар жазасын алды

Оңтүстік Қазақстан облыстық ауданаралық арнайы соты кәмелетке толмаған баланы ерекше қатыгездікпен өлтірмек болғандары және оған ауыр дене жарақатын салғандары үшін Н.Бектеміров пен А.Мырзашты тиісінше 11 жылға қатаң тәртіп колониясында, 10 жылға жалпы тәртіп колониясында жазаларын өтеуге соттады. Бұл туралы Қызылорда көлік прокуроры Абай Қарабаланов хабарлады.

Естіген адамның жағасын ұстататын бұл жантүршігерлік оқиға Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданы Қосмезгіл елді мекенінде басталып, Қызылорда облысы Жаңақорған стансасында аяқталған. Жасы кәмелетке жетпеген балақай Т.Ақылов ойнап жүріп 19 жасар Н.Бектеміровке жолығып қалады. Жасы үлкен жігіт баладан арақ сатып әкеліп беруді талап етеді. Бірақ балақай айтылған ішімдігін әкеліп бергеннен кейін де зорлықшының қыспағынан құтыла алмайды. Қорыққаннан зорлықшының соңынан ерген баланың сорына орай, оларға жолай А.Мырзаш есімді тағы бір жас жігіт жолығады. Осы жерде Н.Бектеміров танысының құлағына жас балада біраз ақша бар екенін, оны тартып алу керектігін сыбырлап айтып үлгереді.

Өздерінің бұл тірліктерін жұрт көзінен тыс жасағысы келген екеу баланы темір жол бойына алып келеді. Келгенше өз құрбандықтарының артынан теуіп, басынан ұрып келген бұзақылар шойын жолдың үстінде оған қалтасындағылардың бәрін шығаруды бұйырады. Ал баланың қалтасынан бар-жоғы 200 тенге, сосын бір қорап темекі мен сіріңке ғана шығады. Бұған ыза болған зорлықшылар енді тұтанған темекінің шоғын баланың басына басады.

Бұған да қанағаттанбаған екеу бір кезде баланы аяусыз соққылап болып, оны темір жолдың рельсіне байлап тастауға ұйығарым жасайды. Олар осылайша өз құрбандықтарын пойыздың қалай басып өткенін тамашалап көрмек болады. Н.Бектеміровтің бұл ойын А.Мырзаш қуана құптайды. Екі қаныпезер баланың үстіндегі жейдесін сыпырып алып, онымен өзін рельске таңып тастайды. Бала қорыққаннан есінен танып қалады. Оңбағандар сонда да илікпейді. Баланың бақытына орай, жуыр маңда пойыз келе қоймайды. Пойызды сағаттан астам күтіп жалыққан Н.Бектеміров пен А.Мырзаш «ақыры бір пойыз келіп, баланы басып кетеді, оны кімнің байлап кеткенін ешкім білмейтін болады» десіп, стансаға қарай беттейді. Осы кезде есін жинаған Т.Ақылов ақырындап қолын босатуға кіріседі. Сол тұста рельстің дірілдей бастағанынан пойыздың келіп қалғанын сезген ол ышқына ұмтылып, қыл бұраудың құшағынан босанып кетеді. Ол рельстен ажырап, сыртқа қарай денесін лақтырған бойда оның бойымен ауыр состав өтіп жатады…

Состав өткен кезде қанішер екеу баланың оның табанында тапталып кеткеніне еш күмән келтірмей, миықтарынан күліп тұрады. Ал балақай босанған, бойда үйіне қарай құстай ұшады. Келе сала, еңіреп жылап отырып, болған жайды ата-анасына баяндап береді.

Артынша өздерін ұстауға келген полицей қызметкерлері мен өз құрбандықтарын аман-есен қалпында көргенде, Н.Бектеміров пен А.Мырзаш тілден айырылады. Екеуі болған жайға кінәлі етіп бірін-бірі көрсетеді. Қылмыс Жаңақорған ауданының жерінде болғанымен, қылмыскерлер тұратын Қосмезгіл ауылы Түркістан ауданына қарайтын болғандықтан, істі Оңтүстік Қазақстан облыстық ауданаралық арнайы соты қарады.