Үміткерлердің айласынан теріс айналасың…

плакат депутаттар

Қазір Шымкентте сайлауалды үгіт-насихат жұмысының нағыз қызған шағы. Аудан-қала және облыс мәслихаттарына үміткерлер дүбірлі додада жеңіске жету үшін кейде заңбұзушылық әрекеттер мен моральді қателіктерге бой алдыруда. Апта ағымында облыстық, аудандық мәслихаттан дәмелі бірқатар үміткердің тұғырнамасын зират басына жапсырған жағдай да кезікті. Ал сайрамдық сабаздар үгітті өзбек тілінде жүргізген.

Мәселенің мән-жайы мәлім болысымен облыстағы сайлау комиссиясы арнайы тексеру комиссиясын тағайындады.  ОҚО сайлау комиссиясының төрағасы Берік Торғауытов аталған істің заңға қайшы екенін мәлімдеді.

Торғауытов мырзаның айтуынша, үміткерлер орталық көшелердегі билбордтарға ілінген тұғырнамалар қазаққа қатысы жоқтай көрінеді. Ол аздай үй аралағыштардың таратып жүрген үгіт қағаздары да таза өзбек тілінде өрнектеліпті. Ал ҚР Сайлау туралы заңы бағдарлама мен үгіт парақшаларды тек ҚАЗАҚ және орыс тілдерінде жазуға ғана рұқсат береді.

Сондай ақ шымкенттіктердің тапқырлығы да тау асты. Диваев көшесінің тұрғындары өзін насихаттаған үміткерлердің плакаттарының қасына көшедегі қордаланып қалған мәселелерді тізбектеп, жазып қойыпты. «Егер көшенің жолын кім жөндесе соған дауыс береміз»,- деген үндеу бүткіл аумаққа жапсырылыпты.

Естеріңізде болса бұған дейін үміткерлердің тұғырнамасы өлілердің мәңгілік мекеніне яғни зираттар басына да жапсырылған еді. Бірақ ес жиып үлгерген үміткерлер ешкімге айтқызбастан, өздері біліп дереу қателіктерін түзеп алды. Қазір аталған мәселелердің қайта орын алмауы үшін қадағалау қатаң күшейтілген.