Бәйдібекте қой жұқпалы ауруға шалдықты

1000
сурет BAG.kz ақпараттық порталынан алынды

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бәйдібек ауданының шопандары алаңдап отыр. Мұнда дүдәмал ауру белгілері байқалған 35-ке жуық қой түлігі оқшауланыпты.

Бұл мәселеге дереу-ауыл шаруашылық министрлігі кірісті. Мал басын клиникалық тексерістен өткізді. Күмәнді диагнозды анықтау үшін өлекселерден патологиялық сынама алынды. Алдын-ала «күл ауруы» деген диагноз да қойылды. Бірақ дөп басып айту әзірге қиындау. 10 күннен соң мәлім болады.

Анығы- жаппай малды егу шаралары жүргізілетін маусым – көктемде аудандағы қойдың бәрін қамтуға вакцина жеткіліксіз болған. Қазіргі уақытта жұқпалы аурудың алғашқы ошағын жою үшін кешендік шаралар қолданылып, індеттің әрі қарай таралуын тоқтату мақсатымен буферлік аймақ құрылды. Өңірдегі барлық малға егу үшін вакцина бөлінді. Осы елді мекенде мал қозғалысы мен мал өнімдерін тасымалдау қатаң бақылауға алынып, уақытша шектеу шаралары енгізілді.

Сұлтан Әбілқасымов, Бәйдібек ауданы ауыл шаруашылығы аумақтық инспекциясының бөлім бастығы:

«Республикалық бюджеттен 200 мың басқа вакцина келді. Эпизотиялық отрядттың бастамасымен ауыл округтеріндегі мал дәрігерлерімен келісім-шартқа тұрғызып, жұмыс жасалуда. Бүгінгі таңға келген вакцинаның 25 мың 450 басы егіліп бітті. Қалғаны егілу үстінде. Күдікті болған Қарабасов пен Ақбұзауовтың мал қораларына дезбарьерлер жасалды.»