Сарыағашта апатты ахуалдағы мектеп жоқ

мектеп ашылды

Аудандық білім бөлімі осы мәселенің түйінін тарқатқан. Былтыр ауданда жаңадан 4 мектеп құрылысы бой көтерсе, ұлу жылының басында аудандағы Құркелес және Ақтөбе ауылдық округтерінен 600 орындық 2 типтік мектеп жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін тағы 4 білім ордасы қолданысқа көшпекші. Ал заманауи құрал жабдықтармен қамтылған сыныптарға көшкен оқушылардың қуанышында шек жоқ. Айта өткен жөн, өткен жылы Сарығашта апатты ахуалды 10 мектеп бар болатын.

Құркелестегі көптен күткен мәселенің түйіні тарқады. Пайдалануға беріліп отырған №38 Мұқағали Мақатаев атындағы орта мектептің іргетасы 1947 жылы қаланған еді. Ғимарат апатты жағдайға жетіп, бір жылдан бері ауылдағы 600 бала көршілес ауылдағы колледж ғимаратын жалдап оқитын. Тар сынып, 3 ауысыммен білім алу оқушыны да, мұғалімді де шаршатқан-ды.

Толқын Бекбосынова, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары: «Бұрынғы мектеп пен қазіргіні салыстыруға келмейді. Себебі, арнайы сыныптар бұрын жоқ болатын. Қазір оқушылар кабинеттік жүйеге өтіп жатыр. Оқушылар қаладағы мектептерге кетіп қалатын. Енді қайтып келуде».

Жаңарған мектепте білім жүйесіне қажеттінің бәрі де сайланыпты. Еңбек пен химия, физика және биология сынды сыныптардың бәрі де негізгі талаптарға сай. 8-сыныптың оқушысы Мария Бекжасар үшін енді биология пәні сүйікті сабақ саналады. Себебі, пәнді меңгеруге арналған сан алуан көрнекілік оқушының зердесін одан әрі ашуға жақсы мүмкіндік болды.

Осы күні пайдалануға берілген екінші жаңа мектеп №90 Мәншүк Мәметова атындағы білім ошағы. 600 орындық мектепте де қажеттінің бәрі бар. Бұрындары мұнда химия пәні тек Менделеевтің кестесі бойынша ғана оқытылса, қазір жағдай мүлдем өзгерген. Қажетті химиялық приборлардың бәрі де қамтылыпты. Негізіне, қаңтар айында облыс бойынша осындай 10 мектеп ашылу жоспарда тұр. Сарыағашта мәселесі шешілген бұл 6- мектеп.

Ерлан Рысбаев, Сарыағаш аудандық білім бөлімінің бастығы: «Бізде апаттық мектеп бағдарламасы бойынша 4 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұларды пайдалануға бергеннен соң, Сарығаштағы мектепке таршылық мәселесі жойылады. Мұнан соң, біз 3 ауысымға өткелі жатқан мектептердің жанына қосымша ғимарат салуға күш саламыз».

Ал оқушылар осыған дейін білім алған ескі ғимарат текке қалмайтын болды. Іргетасы 70 жыл бұрын қаланған ескі мектеп жарамды болып шықса, Ақтөбе ауылына жаңа балабақша ретінде пайдалануға бермек.