Компания жаңалығы 

Шымкенттік фризлайтерлер — түнгі қаланың жаңа қожайындары

Шымкентте күн батып, түн баласы шықты дегенше бітті, көшелерде фотокамера жарқылдары пайда болады да кетеді. Шаһардан осындай көрініс көрсеңіз жорыққа шымкенттік фризлайтерлер жүр деп топшылауыңызға әбден болады. Көшедегі қар, жаңбыр олар үшін қолбайлау емес. Оларға бір ғана нәрсе керек. Ол айналаның көмескі тартып, қараңғылануы.

Көпір астында жәймен ғана жылжып бара жатқан сәуле шашқан ұлу, әсем қанатты экзотикалық көбелектер, қала орталығының бір мезетте түрлі гүлдер мен өскіндерге толып шырайлана түсуі, қысқасы шырайлы шаһардың тәуліктің қараңғы мезетінде ертегідегідей құлпыруы — міне шымкенттік фризлайтерлердің басты жұмысы осы. Кідіру функциясы бар фотокамера мен түрлі түсті фонарлар және таңғажайып қиялыңыз болса болғаны, сізден де тамаша фризлайтер шығуы ықтимал.

«Бұрындары біздерді полицейлер қуып, ұстап алатын, — дейді фризлайтерші бозбала Дэн. — Алайда фотокамера дисплейіндегі біз жасаған суреттерді көрсетсек болғаны сол сәтте-ақ қоя беретін, тіпті кейде көмек қолын да созатын» — деп есіне алады ол.

Сөйтсек, әсем суреттерді жасау тіпті қарапайым екен. Ол үшін жарығы жоқ көшеде штативке фотоаппаратты орналастырып, оның кідіру функциясын қосу керек. Ал ауада түрлі-түсті сурет салу үшін темекі тұтатқыштың (зажигалка) шамдары мен маркерлердің қақпақтары болса жеткілікті.  Маркердің қақпағын оттыққа (зажигалка) кигізіп, оның шамын жағу керек. Дәл осындай өзге түсті оттықтарды жинасаңыз болғаны, ауада әсемді керемет түрлі түсті сурет салуға арналған «қарындаш» дайын.

Фризлайтерлердің сөзінше, таңғажайып суреттерді салу үшін қытайдың лазерлері де жарай береді. Бұл ретте бенгал оттарының да пайдасы бар. Ал жаңа жылдық шырақтар тіпті керемет суреттерді «салатын» көрінеді. Ең бастысы, қиял ғажайыбыңды ойша көз алдыңа елестетіп салған жөн. Себебі, соңғы нәтижені тек фотобаспадан ғана көруге болады.

Бар-жоғы 15 секундта ауада қандай сурет салынуы мүмкін дейсіз ғой. Сеніңіз, көп екен. Мұны кәсібін сүйіп жасайтын фризлайтерлер айтып отыр. Олардың өте жылдам салатыны соншалық, нәтижесінде қайталанбас әсем дүние шығады екен.

Фризлайт өнері Шымкентте енді ғана пайда болып келе жатқан саланың бірі. Ал жас фотографтар болса осы күннің өзінде ауада салған суреттерінен жеке көрме ұйымдастыруды армандап жүр. Себебі, жігіттердің паш етіп, көрсетері баршылық. Әзірге, олар өздерінің шеберліктерін шыңдап жүр. Яғни, күндіз қағаз, парақтарға таңғажайып суреттерді жылдам салып үйренсе, түнде соны шынайы іске асырады. Бұл ретте Интернеттің де көмегі орасан дейді әуесқойлар. Ғаламтордан олар ауадағы керметтерді салудың жаңа техникаларын үйренеді екен.

Анықтама: Фризлайт — (ағылшын тілінен аударғанда freeze — тоңу, үсу, light — жарық, шам дегенді білдіреді) бұл фототүсірілім кезіндегі жарықпен сурет салу техникасы дегенге саяды. Ол 1910 жылдары пайда болған өнер туындысы. Онымен әуестенетіндерді «сәулешілдер» деп атаған. Олардың ұраны — «Бояу орнына жарық!».

Related posts

Пікір қалдыру

3 пікір - "Шымкенттік фризлайтерлер — түнгі қаланың жаңа қожайындары"

Маған хабар беру:
777
Іріктеу::   соңғыларын | алғашқыларын | танымалдарын

Уйреніп алу керек екен!

Адамнан қулық асқан ба? Міне, бұл да бір адамзаттың ашқан жаңалығының бірі. Ондай суреттерді жасау тым қарапайым екен гой. Осы пікірімді жазып болған соң қажетті заттарымды жинап, менде өзімше фризлайтерші болмақпын. ))) Сәтті шығады деп ойлаймын.

Жақсы өнер

wpDiscuz