ҚР еңбек сіңірген әртіс Қ. Шойынбаевтың ән кеші

Лимон қосылған шәй ішіп, рояльдың сүйемелдеуімен дауыс ырғағын қалпына келтіріп, ән мәтінін қайталаған соң,  киелі сахнада халық алдына шықты. ҚР-на еңбегі сіңген әртіс Құрманбай Шойынбаевтың бұл алғашқы ән кеші емес. Десек те, өнер жолында көп жылдық тәжірибесі бар әнші әдеттегідей ел алдына шығардағы толғанысын жасырмады.

«Бұл кез келген әртістің басында кездесетін жәйт. Ол өнер иесі тәжіриесің аздығына немесе көптігіне байланысты емес. Өйткені мәртебелі сахнаға шығып, қадала қарап тұрған жүздеген жанарларға төтеп беріп,  бар өнеріңді көрсету оңай емес. Сондықтан біз әр концерт кезінде толқимыз»,- деп, сахнаға бет алды әртіс.

«Әнді сүйсең, менше сүй», демекші, әнді ғұмырына серік етіп, халықты әуенімен сусындата білген Құрманбай Шойынбаев бұл жолы да тыңдармандарын қуанта білді. Кешті орыс халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен Мәделі Қожаның «Сары бидай»  атты әнімен ашты. Оның қоржынындағы көптеген туындылар өнердегі тілектес досы, ансамбль жетекшісі Александа Коротковпен бірге жасалған.

«Мен көп жылдан бері Құрманбаймен шығармашылық байланыстамын. Оның өнерін жоғары бағалаймын және сыйлаймын. Концертте бірге жұмыс жасауға бірден келістік», — дейді Александа Коротков.

Кеште 20-ға жуық қазақ, орыс және классикалық әуендерді әуелеткен әртістің  өнерін бағалап, құрсет көрсеткендер аз болмады. 500 орынға шақталған Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филормония залы тыңдармандарға лық толды.  Бұл да кеш иесінің мерейін тасытпай қоймады.

Шығармашылық кеште әртістің орындауынан бөлек «Қазына», «Тұмар» би ансамблдері мен «Қыздар», «Өркен» Рысдәулетовтер ансамблі өнер көретті.

«Адамды мерейін тасытып, көңілін түсіретіндер де  тыңдармандар. Олардың әрдайым қол шапалақтап, демеп отыруы бізге үлкен әсер етеді. Біздің екінші тынысымызды ашуға сеп болады. Әсіресе, ән құдіретін түсінетін жандар болса, тіпті тамаша»,- деп өнер иесі  қуанышын жасырмады .