Айгүл Иманбаева: «Менде өнерге деген тойымсыздық бар»

321

Айгүл Иманбаеваның есімін білмейтін  өнерсүйер адам жоқ шығар, сірә. Бірі танымал тележүргізуші деп бағаласа, бірі әншілігін, енді бірі актрисалығына тамсанады. Енді продюссерлік тізгінін ұстаған Айгүл Иманбаевамен сұхбаттасудың  сәті түскен болатын.

– «Ғашық жүрек» фильмінен кейін көптеген көрермендер сізді Баян Есентаевамен өмірде де осындай қарым-қатынаста екен деп жүр. Бұған не айтасыз?

– Баян екеуміз 5-6 жылдан бері тығыз шығармашылық қарым-қатынастамыз. Баян бастаған орталықтың тағы бір әншісі – ол менмін. Екеуміз бірге оқыдық. Біз-замандаспыз, доспыз, сырласпыз. Бірақ фильмнен кейін халыққа солай көрінген де болар. Кейде жұрт өмір мен өнерді шатастырып, екеуін бір нәрсеге теліп жатады. Ал ақиқатында Баян екеуміздің арамыздан әлі күнге дейін ала мысық өтіп көрген емес. Біз бүгінгі күні де шығармашылық жолда жұмыла іс атқарудамыз. Жаңа театр ашатын кезде де демеу беріп, тақымымды қысып: «Айгүл, жалғыз емессің, баста, өзіміз көмектесеміз, қасыңдамыз» – деп маған медет болғандардың бірі осы Баян болатын. Сондықтан Аллаға шүкір деймін, ортамызда ешқандай кикілжің жоқ.

– Өзіңіз продюсер болсаңыз және болашақта «АИ» орталығының жұмысына кірісе бастасаңыз, Баяннан бөлек кетуіңіз мүмкін бе?

– Мен Баяннан онсыз да бөлекпін. Ашып жатқан орталықты өзім басқарамын. Баян тек менің жеке әнші ретіндегі шығармашылығыма араласады. Мен өзімді сырт көзбен сынай алмауым мүмкін ғой. Қалай шығып жатыр, қандай кемшіліктер бар, осының бәрін Баян байқап-бақылап отырады. Баяннан бөлек кетемін деген ой менде болған да емес. Осы екі жылдан бері «Айгүл, өз орталығыңды ашсайшы, театрыңды аш» деп кеңес беріп келді. Сондықтан ары қарай да бірге жұмыс жасай береміз.

– 2002-2003 жылдары сіздің «Шарайна» деген әніңізге түсірген алғаш бейнеклипіңіз экраннан көрсетіліп жүрді. Бірақ өзіңіз «сәтсіз шыққан бейнебаян» деп айтып едіңіз, көп ұзамай, оны еш жерден көрсетпейтін болды. Клиптің сапасы нашар болғанмен, әннің өзі жаман емес сияқты. Соны жаңаша бір стильде, жаңа образда жарыққа шығару ойыңызда болмады ма?

– Жалпы жақсы идея тастадыңыз маған. Осы уақытқа дейін ойыма келмепті. Оны енді ойланып көруге болады. Сол әнді жаңартып жатсам, менен тағы сұхбат алатын болдыңыз, енді маған қарызсыз (күлді). Расында да, ән жақсы. Ол- Бағлан Омаровтың әні. Әр адамның шығармашылығында бір шарықтау кезеңі болады ғой өзі. Бағлан Омаровтың өнер жолындағы сондай жарқырап тұрған кезеңінде шыққан ән болу керек. Сол жылдары ол кісі осы әнді маған ұсынған. Бірақ жаңартуды алдағы уақытта ескеремін…

Шарықтау шегі демекші, сіз өзіңізді дәл қазір сол шығармашылықтың шарықтау шегіндемін деп ойлайсыз ба?

– Мен бар ғой…Тіпті білмейді екенмін. Менде өнерге деген тойымсыздық бар. Бір жұмысты жасап, бір нәтиже шығардым ба, ары қарай алға ұмтыла беремін. Содан кейін жұрт «О, Айгүл Иманбаева» деп жатады ғой. Сонда мен соншалықты танымал болатындай не істедім деп, өз-өзіме таң қалып, кепкамды басып алып отыратын кездерім де болады. Өзім де ыңғайсызданып қаламын…
Осы жақында «АИ» музыкалық орталығымыздың арнайы веб-сайтын ашқанбыз. Сонда журналист қыз: «Енді өзіңіздің өмірбаяныңызды қағазға түсіріп келіңіз» – деп сұраған. Бізде уақыт деген тапшы. Бір күні қолым тиіп, әйтеуір, бір отырдым. Жазып жатырмын, жазып жатырмын… 1994 жылы мектеп бітірсем, одан мына жақта оқыдым деп жазып шығып, дайын болған өмірбаянымды өзім оқып қарасам, біраз жұмыс жасаған екенмін ғой. Сонда барып өзіме бір есеп бергендей болдым. Менде жасаған жұмысыма рахаттанып, соның буына пісіп, халықтың алдында бір тасып, содан ләззат алып масаттану деген жоқ екен. Жұрт алғысын айтып, немесе игі сөздер айтып жатса, иә, рахмет деп жүре беремін. Жалпы мен талантқа, ізденуге тойымсызбын. Қашан қарасаңыз да, ашқұрсақтанып жүремін.

– Иә, осы тойымсыздығыңыздың арқасында Индияға барып, киноға да түсіп келдіңіз. «Тіпті сол үшін 20 келі салмақ тастадым» деп едіңіз….

– 20 кг салмақты «Ұят болмасында» томпақ келін боп жүріп, тележоба біткен соң-ақ тастап қойғанмын. Индияға былтырдан бері екі қайтара барып-келдім. Енді ол- индиялықтардың өздерінің «Сен жалғыз емессің» деген киносы. Сондағы «Шерхан» студиясы түсірген. Жаңа бастап жатқан продюссердің жұмысы екен. Онда мен жапон қызының рөлінде ойнадым. Басты рөлдегі қыздың досы боп… Ол кино бізге экспортқа шықпайды. Өйткені өздерінің өнімі. Бірақ кейін өзімнің архивіме жазып береміз деген. Әзірге хабарын алған жоқпын. Үнді киноөндірісіндегілер басты рөлді ешқашан өзге ұлт өкіліне бермейді. Біздегідей жалпақшешейлік жоқ онда. Осы тұсы қатты ұнады.

Ал осы уақыта дейін жасаған жұмыстарыңызға көңіліңіз тола ма?

– Қалай десем екен, көңілім толмайтын сәттер болады. Тіпті жаңа өзіңіз айтқан «Ғашық жүрек» киносын түсіріп болған соң монтажы жасалып жатқанда, Баян: «Айгүл көресің бе?»- деп сұрады. Мен бас тарттым. Киноның тұсаукесерінде бір-ақ көрдім. Содан өзім ойландым, Құдай-ау, мен не істегем, мына кинода не бітіріп жүрмін деп… Маған бір ғана кадр ұнады. Бірақ ұнамаған жерлері өте көп болды. Ал оны сырт көз, тіпті кәсіби актерлер де «керемет жақсы» деп айтып жатты. Олардан естіген сайын мен одан ары ұяла түстім. Олар маған әдейі айтып тұрғандай көрінді…Менің табиғатым сондай…

– Бұл сіздің қазақ қызына тән ұяңдық қасиетізден болар?!

– Мүмкін (күліп алды).

Сіз бір сұхбатыңызда «200 туфли, 50 етігім бар» деген едіңіз. Бәлкім, гардеробыңыздағы көйлегіңіздің де саны 200-ге жеткен болар?

– Гардеробымдағы көйлектердің саны жетіп артылады. Бір менде ғана емес, өнер адамдарының бәрінде де солай шығар деп ойлаймын. Өзіне үлкен талап қойып, жоғары талғаммен қарайтын барлық өнер адамында гардероб бай болуы керек. Бірақ бізде тапқан табысыңның жартысынан көбі, тіпті 90 пайызы – сол киімге кетеді. Өзің де таң қалатын кездер болады. Әрине, халық өнер адамдарын эфир арқылы әдемі кейіпте көргісі келеді. Кімнің жаны әдемілікке құмар емес дейсіз?! Сол бізді көріп отырған халықтың көңілінен шығу үшін барымды салып тырысатын әншілердің бірі мен болуым керек. Сахнада бір киімді 3 рет қана кие аламын. Одан соң ол костюм сары сандықтың түбінде жатады.
Мына «Қазақстан» телеарнасындағы «Кеш жарықтың» түсіріліміне әр айдың 4 күнін арнаймыз. Бағдарламаның жоспарына сәйкес әр айда 4 көйлек тіктіріп тұрамын. Бір жағынан жақсы болды. Сол 4 күнде гардеробым жаңа көйлекке толығады.

– Сіздің көйлектеріңіз ерекше әдемілікпен тігілген. Бұл орайда кеңесшіңіз кім?

– Бұл жағынан да бағыт сілтеуші – Баян Есентаева. Иә, стилистің көмегіне де жүгінемін. Бірақ көп жағдайда басқа мәселелер секілді киімді де Баян екеуміз ақылдаса отырып таңдаймыз. Тіпті кейде өзіміз эскизін сызамыз. Сосын Аида Кауменова мен Ерлан Жолдасбековке тапсырыспен тіктіреміз. Тек осы екі стилиске ғана киім жағынан сенім арта аламын.

– Сахнада жүрген соң, ән мен сән үйлесіп тұрса дейсіз. Бірақ сол театр, телеарна деп жүріп бала тәрбиесіне қалай уақыт табасыз?

– Иә, уақыт тапшы. Бірақ солай екен деп, балама қарамай қоймаймын ғой. Құдайға шүкір, ұлым 6-сыныпта оқиды. Демалыста қасымда жүреді. Екеуміз сырласамыз, әңгімелесеміз. Өзі былай тұйықтау болғанымен, менімен жеке әңгімелескенде, ашылып сөйлеседі. Оның үстіне баламның тәрбиесіне әкесі де көп көңіл бөледі. Бірақ қазір әкесі екеуміз ақылдасып, мектебін ауыстырып, лицейге берсек пе деп отырмыз. Болашақта шетелге оқуға жібереміз деген жоспарда бар болған соң, соған дайындық ретінде тереңдетіп оқытатын лицей дұрыс деп шештік. Қазіргі оқып жүрген мектеп-гимназиясында ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Ұлым математиканы да жақсы оқиды. Сондықтан оны қазақ-түрік лицейіне ауыстырсақ дейміз. Жалпы баламның ойлау қабілеті, бағыты дұрыс. Осы бағытынан таймаса болды. Өзі де қазір өтпелі кезеңге келді. Қатты өзгеріс болып жатқан жоқ. Бірақ бір ерегісіп қалса, жақсылап ерегісетіні бар. Ол – осы жасында пайда болған мінез. Бірақ негізгі тәрбие апасында ғой. Ал мен үйде көп бола бермеймін.

Айгүлмен әңгімелесіп отырғанымда кішкентай ғана бүлдіршін қыз қасымызға жүгіріп келді. Айгүлге еркелей бастады. Сосын ол бізге қарап: «Бұл менің 3 жасар қызым – Айзере» демесі бар ма. Мен аң-таң боп тұрып қалдым. Ойыма бірден Айгүл жұрттан жасырын тұрмыс құрған ба, жоқ әлде…дегендей, сан түрлі ойлар келе бастады. Сөйтсек Айгүл бұл қыздың өкіл анасы екен. Есімін де ұлы Абайдың бас тәрбиешісі – әжесінің атымен атапты. Анасы мен баласы секілді екеуінің бір-біріне деген ыстық ықыласынан-ақ Айгүлдің Айзерені өз баласынан кем көрмейтіндігін аңғардым.