Безбүйрек әкелерден алимент өндіру мәселесі бойынша айлық жарияланды

607

Сот актілерін орындау департаменті безбүйрек әкелерден алимент өндіру мәселесі бойынша айлық жариялады. Дөңгелек үстелге жиналғандар алименттік міндеттемелердің уақытылы төленбейтіні жайлы мәселе көтерді. Әкелік міндетінен ат тонын ала қашқандармен күреске әділет қызметкерлері полицейлермен қатар дін өкілдерін де тартпақшы.

Өткен жылы сот орындаушыларына 11,5 мыңнан аса алименттердің төленбеуі бойынша арыз-шағым келіп түскен. Зерттеу жұмыстары кәмелетке толмаған балалардың әкелері алимент төлемеу үшін жиі қашқақтайтынын көрсетті. Көпшілігі тығылып күн кешсе, бірқатары өзге облыстарға нәпәқа табу сылтауымен кететін көрінеді. Бүгінгі күні іздеуде жүрген осындай 200-ден аса әке бар.

Бұл кезде Сот орындаушылар айлық барысында нақты әрекетке көшті. Екі жылдан бері алимент төлеуден жалтарып жүрген без бүйрек әкенің көлігін кәмпескеледі. Осы күні бұл отбасы бір шаңырақта тұрады. Ал арызданушы әйелдің мәлметінше, отағасы тапқан ақысын бала-шағасына бермейтін көрінеді. Жалпы алимент сомасы бүгінде 200 000 теңгеге дейін жетіпті.

Көліктің қозғалтқышы істен шығуына байланысты сот орындаушыларға автокөлікке белгі салып кету ғана қалды. Егерде көкек әке көлікті көзден таса етуге тырысса, оның үстінен міндетті түрде қылмыстық іс қозғалады. Бірақ бұл азамат ондай жағдайға жеткізбеймін деп отыр. Ол осы айдың соңына дейін аталған сомманы төлеуге уәдесін берді.

1-ақпаннан басталған айлық наурыз айына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында сот орындаушылары мен полицейлер безбүйрек әкелердің қиын мінезділерін құрықтамақ. Бұл іске олар дін өкілдерін де тартып отыр. Осындай шара арқылы ғана қарызы көп әке өз еркімен ұрпағының алдындағы парызын өтейді деген сенімде. Дөңгелек үстел басында мамандар осы жобаның жоспарын талқылады.