Шымкенттің әкімшілік іскер орталығы «Нұрсәт» шағынауданында бой көтереді

394

Облыстық құрылыс басқармасы ағымдағы жылы әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын жалғастырады. Білім саласында жоспарланған 68 мектептің 48-і ағымдағы жылы пайдалануға беріледі. Қалғаны өтпелі. Денсаулық сақтау саласына тоқталсақ, биыл дәрігерлік амбулатория , фельдшерлік- акушерлік бекеттер- жалпы 59 нысанның құрылысы жалғасып, жаңалары бой көтереді.

Альмира Орманчина, облыстық құрылыс басқармасының бастығы: «Атап өтетін жәйт, ағымдағы жылы сақалды құрылыстар аяқталмақ. Олардың қатарында құрылысы 2008 жылы тоқтатылған Түркістан, Төле би ауданындағы ауруханалар мен Шымкент қаласындағы екі аурухана бар».

2012 жылы бастауын алатын күрделі құрылыстардың бірі- «Нұрсәт» шағынауданында орналасатын әкімшілік іскер орталығы. Мұнда тұрғын үй кешенінен бөлек мәдени нысандар да бой көтереді.

Альмира Орманчина,  облыстық құрылыс басқармасының бастығы: «Нақты тоқталсақ, әкімшілік іскер орталығында әкімдіктің ғимараты салынады. Және жаңа драма театры, Пушкин атындағы жаңа кітапхана, концерт залы , көрме кешені бой көтереді. Сонымен қатар бұл жерде мемлекеттік баспана және «Самұрық-Қазына»  қоры мен жеке инвесторлардың инвестициясына тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіледі».

Қажетті магистральді желінің құрылысы республикалық бюджет есебінен жүзеге асады. Жоспарланған нысандардың негізгілері 5-уінің жобалық сметалық құжатының бірінші кезеңі аяқталды. Олардың құрылысы келер жылы басталады деп күтілуде.