Су тасқынында баспанасыз қалғандар темір вагон мен палаткаларда тұрып жатыр

365

Су тасқынынан зардап шеккен Ордабасы ауданы Темірлан ауылының тұрғындарына жан-жақтан жеткізіліп жатқан киім-кешек пен азық-түлік әзірге таратылып жатқан жоқ. Көрші аудандар мен облыстар жөнелткен тұрмысқа қажетті заттар қоймада тұр. Қазір баспанасыз қалғандар темір вагондар мен палаткаларда тұрып жатыр. Үйсіз қалған отбасыларға жергілікті кәсіпкерлер жанашырлық танытуда.

19 ақпан күнгі апаттан үйін су алып, баспанасыз қалған Меруерт Cәрсенова қазір темір вагонда күнелтіп отыр. Себебі, палатка жылы болғанымен жердің сызы бойын жылытпай қойыпты.

Меруерт Сәрсенова, Темірлан ауылының тұрғыны: «Біз мына үйде тұрғанбыз, онда тұру мүмкін болмаған мына вагонщикті мамамнын жумыстағы бастықтары берді сонда тұрып жатырмыз. жеке кәсіпкерлерге рақмет вермешел пістемай акеп берді. Рахмет айтамыз».

2-топ мүгедегі Қадірәлі Есалиев көп балалы отбасының әкесі. Жұбайы ұзақ уақыттан бері жұмыссыз. Апаттан соң туысының үйін паналаған олар қазір пәтер жалдап тұрып жатыр. Осындай күй кешіп жүрген темірландықтарға жеке кәсіпкер 500 қап пияз бен 300 қап макарон, 300 литр пісте майды көмек ретінде ұсынды. Сонымен қатар, жүріп тұруы қиын мүгедектерге 8 қол арба сыйлап алғысын алды.

Әзірге жеке кәсіпкерлер өздері келіп, қайырымдылық көрсетіп, қол ұшын беріп жатқаны болмаса, жан-жақұтан жөнелтілген көмек таратылып жатқан жоқ. Мамандар оның себебін айтып түсіндіруде.

Гүлжан Досова, Ордабасы аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы: «Келген көмектерді ешқайсысына беріп жатқан жоқпыз. Себебі қайтадан тізім қаралып анықталып жатыр. Содан кейін келген затты таратып береміз халыққа».

Соңғы мәліметке сәйкес 6 құлаған баспана мен апатты жағдайдағы 67 үй анықталып отыр. 130 үйдің іргетасынан су жоғары өткен болса, 47 баспана әр түрлі жөндеуді қажет етеді.