Шымкенттің «17-шағынауданындағы» 5 қабатты тұрғын үй бұзылатын болды. Бірақ бұл іс созбалаңға салынып отыр. Өзге көп қабатты үйдің тұрғындары бұзу жұмыстарының басталғанына қуанғаны сол еді. Демонтаж жұмыстары ұзаққа созылмады.

Бүгінгі күні "17-шағынауданның" тұрғындары ауласына балаларын шығарудан қалған. Себебі, бөбектері мертігіп қала ма деп қорқады.

Сөйтіп, қиратуға жіберілген көпқабатты үй маңындағы тұрғындардың қуанышы ұзаққа бармады. Ұзақ жыл бойы бөлшектеуге қолы әзер жеткен үйді бұзу ісі екінші қабатқа жеткенге тоқтап тұр.

Осындағы бірнеше үйдің төрағасы Жүнісбек Алдабеков енді кімге барып шағым айтарын білмейді. Өйткені, көпқабатты үйдің тұрғындары таяуда ғана шаһар әкіміне осы іс бойынша арызданған болатын. Дәл сол кезде қалалық коммуналды шаруашылық бөлімі нысанаға іліккен үйді бұзып қана қоймай, осы маңдағы балалар алаңшасы мен үй ауласын реттеп береміз деп көңілдегі күдікті сеңілткен.

Жүсіпбек АЛДАБЕКОВ, №13А, 14А, 20 үйлердің төрағасы

Жүнісбек АЛДАБЕКОВ, №13а, 14а, 20 үйлердің төрағасы: «Қалалық коммуналды шаруашылық бөлімінен осы хат келген соң, артынша, бұл жаққа техникалар келе бастап баспананы әрмен қарай бұза бастаған тұғын. Біз тіпті, өз көзімізге өзіміз сенбедік. Шенеуніктер сонша рет жазған арызымызға бей-жай қарамай, жауап қатты деп қуандық. Осыдан соң, өз ауламызды қалай көріктендіріп, көк егіп, жаңалайтынымызды ойлап, қиялдай бастадық. Қазір енді көңіліміз су сепкендей басылды. Демонтаж жұмыстарын жүргізіп жатқан техникалар бір аптадан бері жоқ. Кетіп қалды. Жолын тосып, күтудеміз».

Құрылыс маңындағы Афик Ахметов деген азамат болса, жұмысшылар мен техникаларды тосып «сарғайып» жүр. Күн сайын ол мұнда өз жұмысшыларын үйді-үйіне жіберіп, күзетшінің рөлін сомдайды. Себебі, бұзылуға тиіс үй маңына сол мекенде ойнап жүрген бала-шаға келмеуі тиіс. Жауапты міндет нысанды бөлшектеу жұмысы біткенше мойыннан түспек емес.

«Жұмысшыларым күн сайын осында келеді де, ешкім жоқ болған соң қайтып кетеді. Техникаларды осында жіберді дегенше, менің де мұндағы міндетім аяқталар еді», – дейді «Энергостройсервис-2010» компаниясының бригадирі.

Көпқабатты үйдің демонтаж жұмыстары қашанға дейін созылары белгісіз. Бірақ жергілікті тұрғындар істің осымен бітетінін айтып, кейіп жүр. Бұл кезде осы маңдағы «Қарлығаш» балалар бақшасының қызметкерлері ренжіп жүр. Себебі, дәл қазір онда 20 жыл бұрын салынған құрылыстың қалдықтары әлі жатыр.