Бақытқожа Рүстемовтің «Тәуелсіздік және халықаралық публицистика» атты көрмесі өтті

1002
Салтанатты лента қию рәсімі

Көркемсурет галереясында журналистер одағының мүшесі, халықаралық Қазақстан-Куба қоғамдық қауымдастығының вице-президенті, публицист, аудармашы әрі ақын-Рүстемов Бақытқожа Төлегенұлының «Тәуелсіздік және халықаралық публицистика» атты көрмесі өтуде.

Бақытқожа Рүстемовтың өмірі мен еткен еңбектерінен сыр шертетін көрме облысымыздың 80 жылдық мерейтойына арналып отыр. Бірнеше тілде 16-дан астам кітабы жарық көрген автордың еңбектерін тамашалауға оңтүстік жұртшылығы көптеп жиналды.

Бақытқожа Рүстемов Президент әкімшілігінің аппаратында жауапты қызметтер атқарған, жазу өнеріне экономика саласынан келіп қосылса да, 30 жылдан бері ел тәуелсіздігі жолында өнімді еңбек етіп келе жатқан журналист және публицистердің бірі. Осы уақытқа дейін Бақыт Рүстемов- Латын Америкасының ойшылы Хосе Марти еңбектерін, Куба революциясының көсемі Фидель Кастро, әлемге әйгілі ғалым Эрнест Мулдашевтың, сондай-ақ исламдық әлемнің діни қайраткері Мирза Тахир Ахмадтың, түркі халықтарының ұлы тарихшысы Мұрат Аджидің, қырғыз ғалымы профессор Байматовтың және де басқа көптеген авторлардың еңбектерін аударған танымал жазушы.

«Тәуелсіздік және халықаралық публицистика» атты көрмесінің салтанатты ашылуына облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Асылхан Темірханұлы қатысып, Бақытқожа Төлегенұлының еңбек жолына тоқталып, жиналған жастарға тереңірек мағлұмат берді.

Көрмеге қойылған суретке қарап-ақ, публицисттің халықаралық аренадағы еңбек жолымен танысуға болады. Түрлі кездесулер мен маңызды жиындардан арнайы түсірілген суреттер келушілердің көңілінен шықты. Көркемсурет галереясының бір бұрышына қойылған 16 кітабы Рүстемовтың жүрген жолын суреттеп тұрды. Көрменің салтанатты лентасы қиылған тұстағы толғанысы жазушының келесі кітабына арқау болмақ. Бұл туралы өзі ресми хабарлады.

Бақытқожа Рүстемов,жазушы, публицист: «Мен көп елге бардым. Олардың тілі мен мәдениетімен қала берді дәстүрімен таныстым. Өзімізбен салыстырдым. Қазақ құндылығына жетер ел жоқ. Бұл мақтанғаным емес, бұл көзбен көргенім, өзімнің түйгенім».

Айта кетейік, автордың еңбектері Ресей, Украина, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қытай, АҚШ, Франция, Испания, Куба, Сауд Арабиясы Корольдігінің, Чили Республикасы, Ирак, Иран, Израиль, Түркия, Франция, Польша және басқа да шет мемлекеттерінің мәдени, білім беру ошақтарында және дипломатиялық орталықтарында өзінің лайықты орнын алған.

Рүстемовтың оңтүстік жұртшылығына паш еткен көрмесі, еліміздің барлық аймақтарында жалғасын таппақ. Жылы қабылдаған жерлестерімізге дән риза болған ел ағасы, жастарға үлгі болып, еңбексүйгіштікке бет бұруға сеп болсам деген ниетімен жету басты мақсаты екенін жеткізді.