Оңтүстікте көкпар болды

563
епті шабандоздар облыс құрамасынан өз орнын табады

Қазығұрт ауданы Алтын төбе ауылында бүгін дүбірлі той. Шабандоздар көкпар тартып, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін осы атшабарда ұлттық ойынды қызықтап отыр. Алғаш рет жасөспірімдер арасында облыс біріншілігі басталды.

Салдарбек Исламбекұлы, Қазығұрт ауданының тұрғыны: «Мұндай той ауылымызда күнде бола бермейді. Ұлттық ойынымызды кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін осындай турнирлердің жиі болғаны дұрыс қой. Ауа-райы да қарасып тұр. Тамаша.»

Ат шабардың төрінде Қазығұрттың шабандоздарымен мақтаралдық ойыншылар. Кездесудің екінші минутында қонақтар есепті ашса, алаң қожайындары да осал емес екенін дәлелдеуде.

Екі күнге жалғасатын көкпар облысымыздың беделді шабандозы Мадияр Имашев жүлдесіне арналып отыр. 6 команда өзара тартысқа түсіп, бапкерлердің көзі ілінсек деп жоспарлайды. Өйткені осы жарыстың қорытындысы бойынша облыс құрамасы жасақталынатын болады.

Ғани Ахметбаев, ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры: «Бұл жарыс жасөспірімдер арасында облысымыздың епті шабандоздарын анықтау үшін жақсы мүмкіндік. Осы жеткіншектердің арасынан іріктеу жүргізіп, алдағы Республикалық турнирлерге құрама команда жасақтаймыз.»

Жарыс жеңімпаздары ертең белгілі болады. Оңтүстік жұртшылығы ұлттық ойынды дәріптеп, осындай той жиі болып тұрады деп уәделесті.