ОҚО салық департаменті мен Шымкент қаласының аудандық салық басқармаларының жауапты мамандары жол полициясы қызметкерлерімен бірге рейд жүргізген болатын. Шара барысында 150-ге жуық автокөлік иелері тоқтатылып, тексеру жүргізілді.

Нәтижесінде 1 салық төлеушісі 2010-2011 жылдарға көлік салығын төлемегені  анықталып, хаттама  толтырылып, қолына хабарлама берілді.  «Опель Вектра» маркалы автокөліктің иесінің жалпы төленбеген салық сомасы 13 мың теңгені құрады. Аталған салық түрі бойынша кеңінен түсіндірме берілді.

Көлік иелері жөнінде барлық мәліметтер салықшылардың базасында сақталған. Жол полициясы жүргізушінің куәлігі бойынша оның салық төлеген төлемегені компьютерден бірмезетте көреді. Соңғы жылдары жүргізушілердің құқықтық сауаттылығы жоғарылағаны байқалғанымен, міндетті төлемдерді мерзімінде өтемегендер де жетерлік.

Михаил Харченко, ОҚО бойынша салық департаментінің бөлім бастығы: «Облыс көлемінде былтыр 7,5 мың көлік иесі салық төлемеген. Шымкент қаласы бойынша 4 700 көлік иесі міндетті төлемді өтемеген. Қолдағы бар мәлімет бойынша, облыста 348 мың көлік иесі тіркелген. Жол полициясы басқармасының мәліметі бойынша бұл көрсеткіш 413, оның 168 мыңы Шымкентте тіркелген».

2011 жылдың қорытындысы бойынша, жоспар 104,1 пайызға орындалды. Қазынаға көлік салығынан 643,3 млн. теңге түсті. Бұл жоспарланған сомадан 25 млн.-ға артық. Ең басты күрделіктер қозғалтқыш көлемі ауқымды автокөлік иелеріне қатысты.

Ғалым Ибраев, Шымкент қаласы бойынша салық басқармасының бөлім бастығы: «Қозғалтқыш көлемі 2,3,4 текше/см. автокөліктері бар жүргізушілер міндетті төлемдерден жалтарады. Өйткені, осындай бір көлікке жүргізуші 100 мыңнан астам теңге төлейді».