Туберкулезбен ауыратын балаларға бал таратылды

Балалар тамақ рационында бал болу міндетті

Шымкент қалалық туберкулезге қарсы диспансерде «Балдай тәтті балалық шақ» атты қайырымдылық акция өтті. Қазақстан Республикасының Бірінші ханымы Сара Назарбаеваның бастамасымен Оңтүстік Қазақстан облысындағы туберкулезбен ауыратын балаларды балмен қамтамасыз ету шарасы жыл сайын өткізіледі.

Облыстық балалардың құқын қорғау департаменті мен денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен өткен акция барысында «Бөбек» ҰҒПББСО-нан ОҚО бойынша туберкулезге қарсы балаларға арналған 9 мекемеде ( оның ішінде санаторийлер, мектеп жасына дейінгі ұйымдардағы санаторлық топтар, санаторлық үлгідегі мектеп интернаттарда) емделіп жатқан 1173 балаға 936 келі бал бөлініпті.

Көмекке зәру балғындардың денсаулығын қалпына келтіруге балдың пайдасы мол екендігін мамандар да айтып өтті.

Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының өкілі Нәзипа Әшірбекова: «Балдың адам ағзасына тигізетін пайдасы өте зор. Оны медицинаның атасы Гипократ төртінші ғасырда айтып кеткен. Бал, балдан жасалған сусын жөтеді азайтып, иммунтетті көтереді, әсіресе туберкулезге шалдыққан жағдайды тез айығып кетуге жақсы әсер етеді. Басқа тағдарға қарағанда тек бал ғана өзінің қасиетін жоғалтпай, айнымайды».

Ал балалар үшін бұл күн үлкен мереке. Оларға енді күн сайын 20 грамнан бір рет бал берілетін болады. Әселден ауыз тиіп, қамқорлық жасағандарға алғысын білдірді.