Мақтаралда тыйым салынған дәрі-дәрмек сатумен айналысқандар құрықталды

Сурет egemen.kz сайтынан алынды
Сурет egemen.kz сайтынан алынды

Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментімен бірлесе Мақтарал ауданына рейдтік шығу тексерісін ұйымдастырды.

Тексеру барысында Мақтарал ауданының «Күлпаршын» базарында халықтың тұтынуына тыйым салынған дәрі-дәрмектер мен дәрілік бұйымдардың өткізілетіндігі анықталды.

Облыс прокуратурасының әлеуметтік–экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау Басқармасы бастығының орынбасары Абзал Қыдырбайдың келтірген дәйегінше, Мақтарал ауданының тұрғындары Г.К.Тәңірбергенова, К.К.Тәңірбергенова мен Г.А.Қабыловалар 3 жылдан бері фармацевтикалық қызметпен айналысуға арналған лицензиясыз осы кәсіппен айналысып келген. Қиыны сол, заңсыз жұмыс істеп жүрген үшеудің ішіндегі Г.К.Тәңірбергенованың арнайы фармацевтикалық та білімі жоқ. Енді пайымдаңыз, ел арасында заңсыз түрде қанша дәрінің емін-еркін тасымалданып жүргенін.

Тексеру барысында жоғарыда аталған тұлғалардан жалпы соммасы 1,5 млн. теңгені құраған 886 атаулы, оның ішінде 330910 теңгеге 7 атаулы (64 қаптама) жалған, яғни қолдан жасалған өнімдер, 23310 теңгеге 13 атаулы (30 қаптама) тұтыну мерзімі өткен, 42290 теңгеге 16 атаулы (82 қаптама) Қазақстан Республикасында тіркелмеген және рұқсат берілмеген, 26479 теңгеге 11 атаулы (27 қаптама) азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде берілуге тиіс «Тегін» және «Мақтаарал аудандық ауруханасы» МКҚК белгілермен мөрленген дәрі-дәрмектер мен дәрілік бұйымдар тәркіленген.

Аталған іс-шаралардың арқасында халыққа сапасыз және стандарттарға сай емес дәрі-дәрмектер мен дәрілік бұйымдардың заңсыз таратылуына тосқауыл қойылды дейді А.Қыдырбай.

Тіркелген жәйттер бойынша прокуратура органдарымен жоғарыда атап өтілген тұлғаларға заңда қарастырылған жауапкершіліктер қолданылатын болады.