Жастар табиғатты қорғауға ат салысты

179
Қаратау қорығы

Қаратау мемлекеттік табиғи қорығында өткізілген шеруге Кентау, Түркістан, Созақ аудандарынан жиналған 7 топ қатысты. Мұндағы мақсат -табиғатты аялау». Кентау қалалық жастар орталығының ұйымдастырумен тау бөктерінде өткен іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. Айта кету керек, жастардың басын қосқан бұл басқосуға «Жас-Отан» Жастар қанаты Кентау филиалының мүшелері мен Қорықтың қызметкерлері де өз үлесін қосты. Сонымен қатар, жедел жәрдем станциясының жастары да қатысты.

Қанат Бегімбетов, Кентау қалалық жастар орталығының инспекторы: «Табиғатты қорғау міндеті-енді болашақ жастарға жүктеледі. Сондықтан туған жеріндегі табиғи өлкені танып білу, оны аялау мақсатында осы слетті ұйымдастырып отырмыз».

Сайыстың алғашқы кезеңі саяхатқа шыққанда жиі қолданылатын шатырды құрудан басталды. Оның дұрыс және жылдам құрылуы ескерілді. Себебі, жауған жауынның суы мен желі шатырдың ішіне кірмеуі керек.

Сайыстың екінші кезеңінде өткелдерден өту шеберлігі сыналды. Үшінші кезеңде компаспен бағыт анықтау қабілеті көрсетілсе, ең қиындау төртінші кезеңде сайыскерлер жартасқа өрмеледі. Бесінші шарты бойынша жартастан төменге жүгіріп түсіп, төмпешіктер арқылы кедергілерден өтті. Соңғы алтыншы кезеңде күрмеп байлаудың 6 түрлі сынағынан сынға түсті, қатысушылар. Қоғамның қозғаушы күші, ғасыр кейіпкерлері — жастар болса, олар бүгінгі салауатты өмір салтын насихаттауда жігерлілік танытты.

Оразхан Нұрғалиев, «Экотуризмге» қатысушы: «Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны көрініп-ақ тұр. Біз көрші қала-аудандардан келген жастармен танысып, жаңа достар таптық. Қаратау қорығындағы байлықтармен қатар, қызыл кітапқа енген өсімдік, жан-жануарларды танып білдік».

Ел боламын десең, бесігіңді түзе. Еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан біздің еліміздің болашақ тұтқасы — дарынды, білімді, жігерлі ұрпақтың қолында. Кентау қалалық жастар орталығының алғашқы бастамасын аймақтағы жастар қолдай кетті.

Табиғат адамзаттың ежелден бері тіршілік етіп, өмір сүріп келе жатқан ортасы, бұдан былай да мәңгілік мекен ете беретін алтын бесігі. Сондықтан айналамыздағы өсімдіктер мен жабайы жануарлар- табиғат байлығы. Қорыққа келген әрбір жас қаратау бөктеріндегі сұлу табиғатқа тамсанып, жақсы бағаларын беріп жатты.

Табиғат байлығын қорғау — ортақ парызымыз. Табиғатты аялайық атты шеру де өз мәресіне жетті. Қазылар алқасының шешімімен ХҚТУ Кентау институтының студенттері 1-орынды жеңіп алды. 2-орынға ХҚТУ дайындық бөлімінің тыңдаушылары лайық деп танылса, 3-орынды Түркістан қаласынан медицина колледжі иемденді. Қатысушылардың барлығына түгел дипломдармен бағалы сыйлықтар берілді.