Кеңестік технология тозды. Мақта өнімділігін енді терең қопсыту әдісімен ғана өсіріп, мол өнім аламыз. Маусымның 26-ы күні Мақтарал ауданында ақ алтынға қатысты келелі жиын өтті. Мақтаның өнімін көбейтудің жаңа әдісін қолданысқа енгізуді мақсат еткен «ҚазАгроИнновация» Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» қызметкерлері әр гектардағы ақ ұлпа өнімділігін бұрынғымен салыстырғанда 28 есеге дейін арттыра аламыз деп отыр.

Аталмыш институтта 26 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Асанбай Тағаев бұрындары «аударып егу» арқылы әр мақтаның шанағынан көп дегенде 9-14 көсектен алынса, «тереңдетіп қопсыту» арқылы олардың санын 3 көсекке арттыруға болатынын айтады.

Мақта шаруашылығының жілігін шағып, майын ішкен А.Тағаев ақ алтынды терең қопсыту арқылы егу әдісінің бұл тек бір пайдасы ғана дейді. Тиімді тұстың тағы бірі – мақта бұрынғыға қарағанда бірнеше күнге ерте піседі-міс. Яғни «тереңдетіп қопсыту» арқылы егілген шиттің тамыры тереңге кеткен сайын, мақтаға жақсы әсерін тигізеді екен.

Мақта шаруашылығын зерттеу институтының ықпал етуімен Оңтүстікте биыл 40 шақты шаруа қожалығы 5 мың гектардай жерге осы әдіспен ақ ұлпа шитін отырғызды. Нәтиже тәп-тәуір. Осы күннің өзінде шаруалар әр гектардан 32 центнерден ақ алтын алуға даяр.

Асанбай ТАҒАЕВ, «ҚазАгроИнновация» Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі: «20 жылдан бері кәдімгі тракторлар жер бедерінің 30 сантиметрін ғана қопсытып, айдап келеді. Беткі қабаты ғана жыртылған жердің асты сол күйі қатып қалып, ол мақта шанағының толық минералдануына кедергі жасайды. Оның тағы бір кемшін тұсы, суғарғанда тұздың бәрі мақтаның тамырына жиналып қалады. Нәтижесінде, ол тұз көктемде буланғанда мақтаға зиянын тигізеді. Ал терең қопсыту кезінде 30 сантиметрден кейінгі қатып қалған бөлік бұзылады. Яғни, өсімдікке қажетті минералдың бәрі еш кедергісіз мақтаны қоректендіре алады».

«Терең қопсытудың» арқасында сордың шайылуы бұрынғы техникаға қарағанда тиімді өтеді дейді аталған институт директорының орынбасары Оразбек Биғараев. Соңғы екі жылдан бері жаңа әдісті зерттеп келе жатқан ғылыми институт ай сайын Мақтаралдағы ниет білдірген 30-ға жуық шаруаны оқытып келеді екен. Тегін. Арнайы семинарда да мамандар шаруаны мазалаған кез келген сұраққа жауап беріп, көңілді бір демдеді.

Ибадулла ҮМБЕТАЕВ, «ҚазАгроИнновация» Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры: «Терең қопсытқанда біз не ұтып жатырмыз? Бұған экономикалық жағынан қарап көрейік. «Жерді аудару» әдісінде әр гектарды 9,5-11 мың теңгеден аудартсақ, «терең қопсытуда» жердің әрбір гектары небәрі 2,5 мың теңгені құрайды екен.  Яғни «терең қопсыту» арқылы 7,5-8 мың теңге үнемдеп жатырмыз. Ал көктемде жерді қопсыту, яғни, шабықтау (чизельдеу) 5 мың теңге болады. Ал «терең қопсыту» әдісінде олай ету жоқ. Міне, бұл үнемдеудің келесі түрі».

Мақтаарал ауданында 136 мың гектар жер болса, соның 95 мың гектарына биыл мақта егілді. Аудан басшылығы соны әдісті игеруге шаруаларды одан әрі тартуды жоспарлап отыр. Тек осылай облысымызда соңғы 10 жылдан бері төмендеп кеткен өнімділікті көтереміз дейді. Айтпақшы, жерді аудармай егу әдісін дәнді-дақылдың кез келген түріне қолдануға болады екен.