Шекарадағы шатаққа қатысқандар полицияға өз еріктерімен келді

320

Шекарашылармен шекіс бекеттен 100 метр қашықта, Көктерек ауылының іргесіндегі дүкен маңында болыпты. «Ел қорғаған сарбазды сабады», деген дақпырт жалпақ жұртқа жария болғасын, оқиға орнын тастап қашқан жігіттер полицияға өз еріктерімен келген.

Қайрат Стамбеков – «Ынтымақ» шекара бекетінің офицерін соққыға жыққан жігіттердің туысы. Шекарадағы шатаққа қатысқан қос інісін өз еркімен полицияға баруға көндірген осы. Ауған соғысы ардагерінің айтуынша, шекара қызметі дұрыс мәлімет таратпай отыр. Ең бастысы, «соққыға жығылды» деген офицер әскери киімде болмаған. Сондықтан, сырттан келген жігіттер оның бетінен билік өкілін байқамапты.

Қайрат Стамбеков, күдіктілердің туысы: «Кәдімгі бұзақылық төбелесті бұлар «шабуыл» деп отыр. Өйткені ол кісі шекарашы формасында болмаған. Өйткені оның туысқаны Мырзадинов соған ықпал етіп жатыр, деген ойым бар менің.
-Мырзадинов деген кім ол ?
– Мырзадинов деген республиканың бас әскери прокуроры. Ағайын, туысқаны боп келеді, деген әңгіме бар осы жерде».

Қайрат Стамбековтың айтуынша оның інілері контрабандист емес. Сол күні олар шекараға жақын маңдағы курортқа барған. Көктерек ауылының іргесіндегі дүкенге тоқтағанда, сол жерде қарапайым киіммен жүрген үш жігітпен сөзге келіп қалыпты. Артынан жұдырықтасқан.

Батырғани Мұхаметжанов, 20/20 шекара әскери бөлімінің басшысы: «Өз денсаулығын, өмірін сақтауға сол жерде шекарашы қару жарақ қолданған. Аспанға қолданып, екі рет автокөліктің дөңгелегіне атқан. Сол кезде өтіп бара жатқан адамға байқаусызда тиген.

Шекара бекетінің сарбаздары әскери киімде емес, қарапайым қысқа балақ шалбармен жүргенін жергілікті тұрғындар да растап отыр. Сол, төбелес кезінде шекарашылардың шектен шыққанын да көрген.

Бибіайша Есенбекова, Көктерек ауылының тұрғыны: «Мен бардым, айғайлап: «балалар, бұл не деген сұмдық!сендер үлкен жігітсіңдер ғой. Шекараны қорғап әдемілеп отырсыңдар сендер. Сендерді көрген мына балдар не істемейді бұл қандай заман?! Атыс деген не ?» деп

Қазір екі жақтың да әрекетін екі саланың күштің құрылымдары тексеріп жатыр. «билік өкіліне шабуыл жасады» деген төрт жігіттің тағдыры ішкі істер құзыретінде. Шекарашы лейтенантқа қатысты «айналаға қауіп төндіретін қаруды қолдану ережесін бұзғаны үшін» қылмыстық ес қозғалды.