Шымкенттің көшелері шұрық тесік

Шымкенттің Ғ.Ілияев пен Қ.Рысқұлбеков көшелерінің қиылысы таяуда жермен жексен болатын шығар. Олай деуімізге себеп, қазіргі күні Ғ.Ілияев көшесімен жүре қалсаңыз диаметрі шамамен 2 метрдей, ал тереңдігі 1,5 метрдей  болатын үлкен орға тап боласыз.

Әйтпесе, осы жылдың көктемінде ғана жұмысшылар онда құбырлар жүргізіп, біршама реттегенсіген еді. Үлкен шұңқырдың маңы қазір апатты жағдайда тұр. Әрі жол қозғалысына айтарлықтай кедергі келтіруде. Әбүйір болып, сақ жүрудің арқасында жапа шегіп жатқандар әзірге жоқ.

Құдай бетін әрі қылсын, егер жолдың ортасындағы апанға көлік түсіп кетер болса, бірлі-жарым адамды майып қылатын қауқары бар. Айтпақшы, көшенің тесіктері мұнымен бітпейді. Сөз етіп отырған шұңқырдан 1-8 метр қашықтықта аздап қала шүңірейіп тұрған шағын тесікті байқайсыз. Сөз жоқ, бұл шұқыр алдыңғының кебін киері сөзсіз екі-үш күнде.