иылғы жаз ыстық. Шомылу науқаны басталғаннан бері «Судан құтқару» мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің де жұмысы қызды. Су сақтау қоймасына шомылуға келген әрбір демалушының өміріне қауіп төнбес үшін мұндағы сүңгуірлер қырағылық танытпаса болмайды. Себебі, науқан басталғаннан бері, 22 адам суға кетіп, қайтыс болды. Оның 10-ы бала. Осы орайда, біз жоғарыда аты аталған мекеменің оқу және алдын алу жұмыстары жөніндегі аға әдіскері Мұрат Төртбаевпен сұхбаттасып, облыстағы су көздері туралы толығырақ білгенді жөн көрдік.

Мұрат Құлманбетұлы, шомылу науқаны басталғаннан бері жұмыстарыңыздың екі еселенгені анық. Жас балалардың суға шомыла білмеуі, адамдардың суда қауіпсіздік ережелерін орындамауы орны толмас қайғы мен өкінішке әкеліп жатады. Жыл сайын орын алып жататын келеңсіз жәйттардың қатарын азайтуға бола ма?

– Мамыр айында басталған шомылу маусымынан бері 80 адамды ажал аузынан арашалап қалдық. Оның үшеуі бала. Бірақ, бұдан бөлек 22 адамды құтқара алмадық. Ең өкініштісі қайтыс болғандардың тең жартысы кәмілет жасына толмаған 10-12 жас аралығындағы балалар. Барлығы да ашық су көздеріне ата-анасының қарауынсыз шомылған. Былтырғы жылы да көп адам суға кетті. Құтқару қызметі 76 адамды аман алып қалса, 23 азамат су түбіне кетті. Оның 11-і тағы да кішкентай балалар. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын аламыз деп күндіз-түні қанша жерден дамылсыз қызмет жасасақ та, тұншығып қайтыс болатындар азаймай отыр.
Жалпы, құтқарушылармен бақыланатын қанша су қоймасы бар өңірде?

– Облыс аумағында құтқарушылармен бақыланатын 5 су қоймасы бар. Олар Шардара, Бөген, Тоғыс, Бадам және Тұлпар. Осы аумақтарда қызмет ететін 58 құтқарушы бар. Барлығы да осы аталған 5 тоғандарда топ-топ болып бөлініп, жұмыс жасайды. Құтқару жұмыстарына қажетті барлық құралдармен жабдықталғанбыз. Ол үшін жыл сайын мемлекеттің қоржынынан қаржы бөлініп отырады. Ал тұншығып қайтыс болатындардың басым бөлігі бақылаусыз су тоғандарында шомылғандар. Мысалы, Арыс және Сырдария су көздері құтқарушылармен бақыланбайды. Сондықтан, осы аймақта төтенше жағдай көп орын алады. Қазір көптеген ұсыныстар қарастырылып жатыр, бәлкім алдағы уақытта осы аймақтар да біздің құтқарушылармен бақыланатын шығар.

– Өзіңіз де 10 жылдам астам уақыт бойына құтқарушы болып қызмет атқарыпсыз. Тәжірибеңізден жинақталған түрлі тұжырымдарыңыз бар шығар. Суда балықша еркін жүзетін адамдардың өзі кейде батып кетіп жатады, мұның сыры неде? Әлде судың да киесі мен кесірі бола ма?

– Иә, халық арасында суды тылсым күшке теңеп жатады. Бірақ, маман ретінде айтарым, суға түскенде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдары орны толмас өкініштерге алып келеді. Қарапайым ғана мысал келтірейін, мәселен су бойына демалуға келген кезде нұсқаулық бойынша катамаранға екі адамнан артық отыруға болмайды. Ескекті, маторлы қайықтарды пайдаланудың да өзіндік ережесі бар. Десек те, ішімдікке масайраған жастар оған топырлап мініп алып, су бетінде олай бір, бұлай бір айдап, көңіл көтергілері келеді. Соның салдарынан аударылып, суға құлағанда барып естерін бір-ақ жияды. Сонымен қатар, өздерін аса кәсіпқой сүңгуір етіп көрсеткісі келетіндер де болады. Жоғары биіктіктен төмен құлдилағанда, жайсыз немесе терең жерге түсіп майып болатындары да бар. Мұндайда шұғыл көмек көрсетілмесе, жүзушіні жоғалтып алу әбден мүмкін. Тағы бір ескеретін жәйт, терлеп тұрып салқын суға бірден қойып кеткен де дұрыс емес. Шебер жүземін дейтіндердің өзі мұндай жағдайда аяқ-қолы тырысып қалып, жағаға жете алмауы мүмкін. Сонымен қатар, білмейтін жердің ой-шұқыры көп болады. Судың ағысын, тереңдігін, табан тазалығын білмей жатып, суға түсу өте қауіпті. Арнайы орындарда шомылғанның өзінде қауіпсіздік шараларына мұқият болған жөн. Күннің ыстығын сылтау етіп, су жағасын саялайтын азаматтар сыраға сылқия тойып алып, шомылады. Бұл өз өміріне немқұрайлықпен қарағанмен тең. Сонымен бірге, жас балаларын қараусыз қалдырып, еркіне жіберетін ата-аналар да көп жағдайда аяқ астынан келетін қауіпті сезіне бермейді. Мұның арты қайғылы оқиғаға ұласып жатады.

– Суға батып қаза болғандардың ба­сым бөлігін жас жеткіншектер құ­рай­ды екен. Министрлік төтенше жағ­дайлардың алдын алудың қандай жолдарын ұсынады?

-Құтқару және қайғылы оқиғалардың алдын алу бойынша атқарылатын жоспарлы жұмыстар жыл бойына үздіксіз жүреді. Десек те, бүлдіршіндер өлі­мі тыйылмай тұр. Республика бо­йын­ша Төтенше жағдай депар­та­ментіне қарасты Азаматтық қорғаныс бас­қармалары бар. Олар судан құтқару қызметінің мамандарымен бірлесіп, жыл сайын еліміздің барлық облыс­та­рын аралап, халықты, әсіресе, бала­лар­ды суда шомылудың ережелерімен та­ныс­т­ырады. Жеткіншектердің жазғы де­малыс уақытында қауіпсіздігін сақтау мақ­сатында сәуір айынан бастап, мек­теп­терде қосымша сабақтар өткізіліп, БАҚ арқылы ескерту шараларын жүр­гі­земіз. Барлық аймақтың әкімдеріне хат жолдап, атқаруға тиісті шараларына де­йін тізіп жазып береміз. Бірақ көп­ші­лігі атүсті қарап, халықтың қауіпсіздігіне жі­ті көңіл бөлмей отыр. Қараусыз қал­ған балалар балалықпен суға шомылуға ба­рып, қаза болады. Оған сол округтің әкімі де, ата-анасы да кінәлі. Қанша жерден құтқару қызметі темірдей тәртіппен жұмыс істеді дегенмен де, әркімнің өз тізгіні өз қолында. Жаз болса жаймашуақ. Жағажайда жанның рахатын сезініп, демалып қайтқанға не жетсін, шіркін! Бірақ ең бастысы бас амандығын естен шығармаған ләзім.
-Әңгімеңізге рахмет, амандықпен жүздесейік!
На коллонку:
Суда шомылудың қауіпсіздік шаралары
– Суға шомылатын жерді, жалпы жағдайды судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріп алыңыз.
– Тамақ ішкеннен кейін бірден шомылмаңыз.
– Суға тек қана рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда шомылыңыздар.
– Өте ұзақ шомылмаңыз, өзіңізді шаршауға және тоңып қалтырауға дейін жеткізбеңіз.
– Суға түскенде бір-біріңізді көзден таса қылмаңыз.
– Қоршау белгілерінен тысқары аумаққа шықпаңыз.
– Техникалык ескерту белгілерінің үстіне шығушы болмаңыздар.
Өзендер мен көлдерде, тоғандарда, тоқтау сулар мен шалшық суларда шомылудың қауіпі мол, себебі инфекциялық аурулардың қоздырғыштары ағын суда: Іш-сүзегі -183 тәулік, дизентерия -12-92, оба- 4-92, туляремия- 7-31, бруцеллез 4-45 тәулікке дейін өмір сүреді.
Аяқ-қолыңыз су астында тырысып қалса:
– тырысу болғанда жүзуді тоқтатып суға арқаңызбен шалқалай жатыңыз, сабырлық сақтаңыз.
– Қолыңыздың саусақтары тырысып қалғанда жұдырығыңызды түйіңіз, қолыңызды бір жаққа қарай серпе лақтырып, жұдырығыңызды ашыңыз.
– Балтыр бұлшық еті тырысқанда бүгіліп қолыңыз бен аяғыңыздың басын қысып бар күшіңізбен өзіңізге қарай тартыңыз, немесе аяғыңызды судың астына созып, аяғыңыздың бармақтарын алға иіңіз. Содан соң балтырыңызды сылаңыз.
– Тырысу қойысымен тынығып алып, жүзудің басқа әдісімен жағаға шығыңыз.
Су иірімінен шығудың тәсілдері:
– Егер иірімге тап болсаңыз, кеудені кере дем алып, иірімнің астына сүңгіңіз.
– Судың астында иірімнен алысырақ кетуге тырысыңыз.
– Иірімнен алыстаған соң судың бетіне қайта шығып жағаға қарай жүзіңіз.
Суда қатты шаршаған кездегі іс-әрекет
– Егер суда шаршасаңыз немесе тоңсаңыз тез арада жағаға қайтыңыз. Сабыр сақтаңыз.
– Әлсін – әлсін шалқалай жатып дем алыңыз, күшіңізді үнемдеңіз, өзіңізді және уақытты бақылау үшін, жаймен дауыстап санаңыз.
– Егер өз күшіңізбен жағаға жете алмайтыныңызды сезінсеңіз шалқалай жатып қолыңызды бұлғап көмекке шақырыңыз.
Суық судың қауіптілігі
Суық суға түсіп кеткен адам 10-30 минутта көбіне суық өтіп қайтыс болады. 5-15 минут қимылсыздық суықтан талуға және өлімге әкеліп соғады. Суық судан шығарылып, аман қалғанның өзінде жиі-жиі есінен танады. Ағзаның жалпы салқындауы қатты шаршағанда, ашыққанда, мас күйінде тезірек болады. Физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты әйелдер суық суға төзімдірек болады, ерлер 4-5 минуттан соң-ақ жүректері тоқтап қалуы мүмкін. Суық суда клиникалық өлім 30-60 минутқа, жылы суда 5-6 минутқа созылады. Тұщы суға батқан адам 1-3 минутта, ал теңіз суында 7-8 минутта қайтыс болады. Сондықтан, суық суда әрбір секунд қымбат.