Сұрақ:
– Мен базарда сауда жасаймын. Өзім жеке кәсіпкермін. Қазір аяғым ауыр, жақында босанамын. Жүктілігіме байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық қағазын алуыма бола ма? Бала күтіміне байланысты «декреттік» демалысқа шыққан уақытыма, яғни, еңбекке уақытша жарамсыздық қағазыма кім ақы төлейді?
Бану Есжанова
Жауап:
– Әлеуметтік өтемдерді, соның ішінде еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы қағазға төленетін қаржыны жұмыс беруші емес, кепілдендірілген сақтандыру қоры төлейді. Дегенмен қорға жұмыс беруші, мекеме, ұйым (меншік түріне қарамастан) ай сайын мекеменің әрбір қызметкері үшін әлеуметтік салық аударып отыруы шарт. Ал базарда сауда жасаушылар мұндай салықтарды бір реттік талон, патент ақша төлеу арқылы аударып отыруы тиіс. Жүктіліктің 30 аптасында сізге еңбекке уақытша жарамсыздық туралы қағаз ашып береді. Жүктілікке байланысты берілетін еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы қағаз 126 күнтізбелік күнге беріледі. Егер бала босану қиын жағдайда өткен болса, немесе егіз бала туылған жағдайда 140 күн, ал жаңа туылған баланы асырап алған жағдайда 56 күнтізбелік күнге беріледі. Еңбекке уақытша жарамсыздық қағазы сізге жеке кәсіпкер ретінде беріледі. Бұл қағазды сіз өзіңіздің мекен жайыңыз бойынша орналасқан зейнетақы төлеу жөніндегі орталық бөлімшелерінің біріне тапсырасыз. Төлем мөлшері сіздің атыңызға еңбекке уақытша жарамсыздығыңыз туралы қағазды өткізгенге дейінгі 12 айда ай сайын түскен әлеуметтік төлемдердің сомасын есептеу арқылы белгіленеді. Атыңызға ай сайын қанша төлем аударылып жатқандығы туралы мәліметті алдын ала зейнетақы төлеу орталығына барып білуіңізге болады.