Мерез мезі етпесін

Қазіргі кезде мерез ауруымен ауыратындардың саны елімізде 90 -жылмен салыстырғанда 77 есе өскен. Ал Шымкент қаласы бойынша 100 мың адам­ның 60-ы мерез дертіне шалдықса, 56-сы соз жұқпалы инфекциясын жұқтырған. Бұл тек облыстық тері венерологиялық диспансері келтірген дерек. Ал аймақтардағы жеке клиникаларда да дәл осы дерттен дауа іздегендердің қарасы тым көп.

Мерез – жыныстық жолмен тарайтын инфекциялық ауру. Әлем дәрігерлері бүгінге дейін мерез ауруының 20 түрін анықтады. Көп тарап отырғаны – соз, трихаманоз, хламидия атты ағайындас инфекциялар. Дерт көбіне жыныс жолы ар­қылы берілетіндіктен алдын алуға дәрі-дәрмек жоқ. Кейде сырттан қарағанда сап-сау болып көрінетін адам ауру қоздырғыш немесе вирус тасмалдаушы болуы бек мүмкін. Мәселен, мерезге шал­дық­қан кі­сімен сүйіскенде, бір ыдыс-аяқ­пен ас-су ішкенде, шы­лымының қалдығын тартқанда, еріндегі бояу арқылы да жұғуы мүмкін. Мерез – адамнан адамға қан арқылы, ал балаға ауруға шалдыққан ананың сүті арқылы жұғады. Бірақ, жұғудың негізгі жолы-жыныстық қатынас арқылы.

Бақытжан Нышанбаев, тері және соз ауруларының дәрігері

– Ауру XV ғасырдан бастап белгілі бола бастаған. Бел­гілі итальяндық ақын, дәрігер өзі­нің шығармасында махаббат жай­лы суреттей келе кейіпкер жігіттің денесіндегі шашы түскенін және жыныс мүшелерінде жаралардың пайда болғанын суреттейді. Сол кезде Еуропада мұндай аурулар көптеп кездескен екен. Ал ауру кейіпкер жігіттің аты – Сифилус, сондықтан, аурудың атын «сифилис» деп атап кеткен. Содан бері ауру осы кейіпкердің аңыздағы атымен аталып келеді. Қазіргі кезде жыныс арқылы жұғатын аурулар­дың ең ауыры және жұқпалысы осы дерт.

Облыстық тері венерологиялық диспансерінің венерология бөлімі науқасқа лық толы. Дені жастар. Кірген бойда дәрінің исі қолқаны қабады. Ем алу бөлмесіне кіріп-шығып жүрген қыз жігіттер көзіңе тіке қарауға жасқанатындай. Ұялатын шығар, бас-тарын төмен иіп, жаныңнан тез өте шығады. Облыстағы ахуалды өзек ете отырып, дәрігерлермен тілдестік. Мерез мезі еткен науқастар туралы сұрадық. Дәйекті деректерден соң жағамызды ұстадық. Соңғы екі жыл ішінде мерез дертіне шалдыққан науқастардың қатары екі есеге өсіпті. Көш бастап тұрған Шымкент қаласы. Жарты жылдың ішінде 240 науқас тіркелген. Одан кейін Арыс, Мақтарал, Ордабасы, Созақ және Шардара, Түлкібас аудандары ауру көрсеткішінен алдыңғы қатарда келеді. Бұл диспансер тіркеуде тұрғандары ғана. Ал дәрігерлер жеке клиникаларда дертіне дауа іздегендердің санында шек жоқ дейді. Мерездің құрығына іліккен науқастардың басым бөлігі 14 пен 38 жас аралығындағылар. Бұл дерт әсіресе, мектеп оқушыларының арасында кең етек алып отырғандығы жан шошытады. Жастарды болашаққа балайтын болсақ, аталған ауру бедеу көріктілер мен белсіз бөріктілердің көбеюіне сеп болып тұр. Бұлай дейтініміз, аурудан айығуға күш салмасаңыз, асқынып, ұрпақ жалғау мүмкіндігінен айырады. Жүйкеңізді жұқартып, бауырыңызды ірітеді.

Нәрестедегі туа біткен мерездің клиникалық белгілері бірден білінеді. Ол әдетте өмірге бейімсіз болып туады. Көбі туа салып бір-екі сағаттан немесе бір-екі күннен соң шетінеп кетеді. Туа біткен мерезді жаңа туған нәресте «қарт адам» сияқты көрінеді, терісі қыртыстанып, әжім-әжім болып, салбырап, сарғыш тартып тұрады. Басы үлкен, терісі қабыршақтанып, тамырлары белдеу­леніп анық көрінеді. Нәресте салмағын аз қосады, нашар өседі, емшек еме алмайды, өте жылауық, мазасыз болады.

Ауруханада ем алып жатқан жас жігіттің аты-жөнін атамауға уәде етіп, сөзге тарттық. Жасы 21-де. Ем алып жатқанына 12 күн болыпты. Үйленген. Бірақ, әлі әке атану бақытына ие болмаған. Осында емделіп жатқан өзгелер секілді өзегі өртенетін сияқты. Күрсінісі көп. «Ауру ұстап қалғанымды үйленген соң білдім»- деп бастады әңгімесін. Келіншегім үйленген күнімізден екі апта өткен соң қатты ауырып, ауруханаға түсті. Дәрігерлер гинекология бөліміне жатқызып, ем тағайындады. Емдеуші дәрігері мені шақырып алып, «келіншегіңе ауру жұқтырғансың, осы күнге дейін неге емделмедің?»- дейді. Мен қандай ауру жұқтыруым мүмкін деп таңғалдым. Кейін білдім ғой, сифилис екенмін. Басын төмен иіп, көздерін бір нүктеге қадады. Келіншегім әлі емделіп жүр деп сөзін жалғай түсті. Бір жабысқан соң шығуы қиын екен ғой. Ал меніңкі асқынып кетіпті. Аурумен жүргеніме көп уақыт болса керек, дәрігерлер әлі де біраз емделесің дейді. Өзегімді өртейтіні, бұл ауру еркектік ұрықты жойып жібереді екен. Жоймаса да дүниеге әлсіз ұрпақ келетінге ұқсайды. Бойдақ кезімде сақтанбай «жүріп» қойғаным үшін бүгін жазамды алып жатырмын», – деп ауыр күрсінеді.

Ұзын дәліздің бойында тұрған бірнеше келіншекке көзім түсті. Барлығы да жүкті. Шаранасын аядым. Олар не жазып еді, тумай жатып жаман аурудың зардабын тартатындай…

Мерез ауруы үш кезеңнен тұ­ра­ды. Бірінші кезеңінде адамның жыныс мүшесінде 15 күн ішін­де жыныс үрпегінде, дорбасында, жатыр мойнында, сирек жағдайда қынап қабырғасында әртүрлі жа­ра­лар пайда болады. Бұл жара­лардың басқа жаралардан айыр­машылығы, шикі ет тәрізді беті теп-тегіс, жылтыр көрінеді, ұста­ғанда ауырмайды. Енді 1-1,5 айдан кейін мерездің екінші кезеңі басталады. Бұл кезде инфек­ция бүкіл денесіне тарайды. Екін­ші кезеңнің екі түрі болады. Ол ме­рездің екінші жаңа түрі деп атала­ды. Бұрынғы мерездің бірінші кезеңінде қалған жаралардың ізі жыныс мүшелерінде, ау­зын­да, тілінде, таңдайында, ер­нінде, ал қарнының терісінде қы­зар­ған іздер және жаралар болады. Шат, шынтақ, қолтық лимфалық бездері ісіп, жаңғақ көлеміне дейін үлкейеді, алақан және табандарында мерездік жаралар пайда болады. Шаш, қас түсе бастайды. Бұл кезеңдер өте жұқпалы болады. Жыныстық қатынастан бөлек үйдегі күнделікті пай­даланатын заттар арқылы (тарақ, тіс щеткасы, сүлгі, моншалық зат­тар) арқылы айналасына тарап, жұғады. Мерездің үшінші түрі – ме­рездік гумма. Жара дөңгелек, қатты болып келеді. Гуммозды түрінде зақымданған мүшеде төмпешіктер іріңдейді кейіннен тыртық қалдырады. Үш­ін­ші кезеңде ауру асқынып, мидың мерезіне әкеледі. Науқас дер ке­зінде емделмесе, аурудың мұрны ойылып, пұшық болып қалуы да мүмкін. Аурудың көзі көрмей, құлағы естімей қалуы да ықтимал. Ауру миына, бауырына өтіп, өлімге ұшырайды. Ме­рездің үшінші түрі адамдарда он­ша көп кездесе бермейді. Сонда да мұндай жағдайға жетпей емдел­ген дұрыс. Бұл жазылатын ауру, егер сіз уақытында қаралсаңыз, өз ден­саулығыңыз бен тағдырыңызды ойласаңыз дерттен құлан таза жазыласыз. Мерезді толық жазуға бүгінгі медицина қауқарлы.

Ең бастысы кездейсоқ жыныстық қарым-қатынастан аулақ болыңыз.

Ақмарал Мырзахметова