Шымкентте ауызымен сурет салатын суретші тұрады

Анатолийдың сурет салу сәті

Анатолий сырға толы суреттерінің бірін  бітіргелі жатыр. Әлі ешкімге көрсете қоймаған дүниесін суретші қолымен емес, аузымен салады. Бүгінде ол бұған да үйренген. Он төрт жылдан бері сурет салуға қажетті майлардың қақпағын аузымен бұрап ашып, қылқаламын тістеп алып, жұмысына кіріседі.

«Маған оқушы кезімде ұстаздар үйге келіп, сабақ беретін. Кейде олар келгенше түрлі автокөліктердің суретін салып қоятынмын. Одан кейін ең алғаш рет жолбарыстың бейнесін салдым. Өзіме қатты ұнаған осы суретім бүгінгі күнге дейін сақтаулы. Сурет салу мен үшін үйреншікті бола бастады. Ия, басында өте қатты қиналдым. Өзгелер сияқты қолыммен, саусақтарыммен жұмыс жасай алмадым. Бірақ, адамның талпынысы, барлық кедергілерді бұза алады екен»,- дейді Анатолий.

Қиялға ерік беріп, сурет салғанды ұнататын Анатолий көргені мен білгенін, естігені мен оқығанын, тіпті кейде түсінде көргенін қағаз бетіне түсіріп, тамаша туындыларды өмірге әкеледі. Арбаға таңылса да, жігері жасымай, қаламы мен бояуын жанына серік еткен оның ең алғашқы ақылшысы да, сыншысы да анасы екен.

«Алғашқы суретімде бірінші анама көрсетемін. Кейде ойыма бірдеңе келсе, алғаш анама айтып, оның пікірін білемін. Дайын болған суретіме көңілім толмай немесе бір элементі жетіспей тұрса көмегін көрсетеді. Маған одан асқан ақылшы да, сыншы да жоқ. Тек содан кейін ғана дүниелерімді жарыққа шығарамын»,- дейді суретші.

29 жасар «қыл қалам шебері» мұнымен қоса, компьютерлік техниканы жақсы меңгерген. Бұл оның өзінің шығармашылығын жаңа бағытта дамытуына көп көмегін тигізуде.

Анатолий Бауэр табиғаттың тылсым құпияларын қаламына арқау еткенді жақсы көреді. Кейді оның шығармашылығына қызығатындар тапсырыс беріп, арнайы салдыртатын көрінеді. Мүмкіндігі шектеулі бола тұра,құдай берген қабілетінің арқасында өзгелерден артық. Мұны ол іс жүзінде дәлелдеп те үлгерген.

«Мені адамдар естерінде сақтаса екен деймін. Өйткені біраз уақыт бойы мен жеке көрмемді өткізбедім. Сондықтан қыркүйек айында жеке, жаңа туындыларымды көрерменнің назарына ұсынсам деген жоспарым бар «,- деп, алдағы жоспарларымен бөлісті ол.