Жаңалықтар Компания жаңалығы 

Қажылық — туристік саяхат емес

Мұсылман жамағатына парыз етілген үлкен қажылық сапары да басталғалы тұр. Бұл сапардың мән-маңызы өзгелерден ерек. Қалталы мұсылман қауымға парыз етілген айрықша ғибадатқа дайындық қалай жүргізілуде? Биылғы қажылықтың ерекшелігі неде?

Әуелі ғибадат жайында түсініктеме бере кетейік. Қажылық — арабтың » حَجّ‎ хаддж», яғни «қасиеттi жерге баруды ниет ету» деген мәнге ие. Әрбір мұсылманның мойнына жүктелген бес парыздың бірі. Шариғатта кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы мығым, дәулеті жетерлік, өзгеге қарызы жоқ мұсылмандар ғибадаттың осы түрін өтей алады. Оның парыз етілгендігін қасиеттi Құрандағы: «Алла үшiн Қағбаны адамдарға қажылық ету парыз («Әли-Имран» сүресi, 97 аят)»,- деген аяттан ұғамыз. Құдси-хадистерде де қажылықтың міндетті екендігі турасында риуаяттар көп. Ал ғибадаттың негізгі шарттарына сәйкес, сапар кезінде арнайы бекiтiлген ихрамға кiру, Қағбаны жетi айналып тәу ету, Сафа мен Маруа арасында сағий жасау, Арафада тұру, Мұздалифада түнеу, шайтанға тас ату сияқты амалдарды орындау ләзiм.
Мұсылмандардың күнтізбесі бойынша ғибратты құлшылықтың мерзімі Қасиеттi рамазан айынан кейiнгi зүлхижжа айымен тұспа-тұс келеді. Нақтырақ айтқанда, иісі мұсылман жамағат 25 қазанда басталатын Құрбан айт мейрамына дейін Сауд Арабиясына аттануы тиіс.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы құлшылық сапарға жан-жақты әзірлік жүргізді. Біз үшін қуанышты жайт, биыл тұңғыш рет елімізден 5 мың адам Сауд Арабияны бетке алмақ. Сәуір айында Меккеге іссапармен барған бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі Сауд Арабиясының қажылық істер министрі Бандар бин Мұхаммедпен кездесуінде елдегі 5 мың мұсылманға квота сұраған. Нәтижесінде, Бандар бин Мұхаммед қазақ еліне жылы шырай танытып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қажылықты ұйымдастыру ісіне оң бағасын беріпті.
Қажылық — тағылымы мол, мейірім-шапағатқа толы, сансыз сауапқа ие ғибадат. Шыны керек, мұсылмандар арасында мағыналы сапарды туристік саяхат деп түсінетіндері жетерлік. Ғибадаттың мәнін ұқпағандықтан жаңсақ пікірге сүйенеді. Әсілінде, қажылық тағдырында жазылған пенделерге ғана нәсіп болады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде айтылғандай, адамдар қажылыққа үш түрлі жолмен шақырылады екен. Оның алғашқысы – Аллаһтың шақыруы. Мұндай шақыру бойынша Меккеге аттанғандар сапар кезінде жан тәсілім етеді. Құдайдың шақыруына бойұсынып, қажылық жолында дүниеден өткендер шаһидтердің дәрежесімен теңестірілмек. Шақырудың екіншісі – бұл Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың шақыруы делінеді. Осы шақыруға үн қатқандар — қалталы мұсылмандарға парыз етілген амалды ынта-ықыласпен өтеушілер. Мұндай шақыруға ие болғандарды да теңдессіз сауап күтіп тұр. Олар өмір бойы құлшылығын арттырып, тақуалыққа ұмтылатын көрінеді.


Қуантатыны, екінің біріне бұйыра бермейтін құндылықты ғибадатқа барушылардың қатары жыл сайын толыға түсуде. Қаржысын босқа ысырап еткенше, сауапты амалға ұмтылатындардың қатары молайғаны құптарлық. Статистикаға көз жүгіртсек, Кеңестік кезеңде қажылық парызын өтейтіндер 100-ден сәл асса, Тәуелсіздік тұсында 150-ге тарта отандасымыз барып қайтыпты. Бүгінде бұл көрсеткіштің 30 есеге өскені көңілді марқайтады. Өткен жылы Қазақстаннан 4097 азамат қажылық парызын өтеген.
Ізгілікке үндейтін, күнә-кемшіліктерді жуып-шаятын асыл ғибадатқа барудың да өз шарттары бар. Қазіргі уақытта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Каирдегі Бас кеңсесі қажылық сапарға тек 12 — 65 жас аралығындағы азаматтарды жіберу жөнінде ұсыныс түсірген. Онда сапарға шығатындардың денсаулығы туралы арнайы дәрігерлік анықтаманың міндетті түрде болуы да айтылған. Біз де бұл ұсынысқа оң көзбен қарауға тиістіміз. Себебі, өз азаматтарымыздың елге аман-есен оралғаны керек. Осыған байланысты діни басқарма атынан ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне арнайы хат дайындалуда. Тағы бір айта кетерлігі, Бас мүфтидің Сауд Арабиясы Корольдігімен жасасқан келісім-шартқа сәйкес, ендігі кезекте туристік фирмалар өкілдеріне ұлық сапарға баратын адамдардың тек Қазақстан азаматы болу қажеттігін қаперге салды. Бұған дейін қажылық компаниялары сапарды Алматы арқылы ұйымдастырып келсе, енді қажылық өтеушілер Астана арқылы да жолға шыға алады. Бұдан былай қажылыққа ниет етушілерге қалтасының қалың болу керектігін еске саламыз. Сапардың жылдан-жылға құны көбею үстінде. Жыл сайын сапар бағасы орташа есеппен 10 пайызға өседі десек, биылғы қаржы көлемі 4000 АҚШ долларын құрап отыр. Ал үш жылдан соң сапар 5058 АҚШ долларын құрауы ықтимал.

 

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz