Жаңалықтар 

112-орамдағы жолдарға шағым көп

Қаланың қақ ортасында тұрып, жолға қарқ болмадық! 112-орамның тұрғындары осылай деп шағымдануда. Қыста батпаққа батып, жазда шаң жұтқан тұрғындар топырақ жолдың азабын тартып келеді. Мұңын айтып, бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Бірақ жауаптылардан тиісті жауап болмапты.

112-орамдағы тұрғындардың шағымданып бармаған жері жоқ

112-ші орамдағы Есениязов және Лесов көшесі тұрғындарының шағымы тұнып қалыпты. Мұнда мүлде асфальт жүргізілмеген. Ескі бағаналар жолдың қақ ортасына орналасқан. Соған қарамастан ЖПБ-на төтесінен қиып өтетіндер жылдамдықты асырып жүйткиді. Топырағы мен шағыл тасы аралас жолдан көтерілген шаң бүкіл көшені алып барады. Жергілікті жұрт шағымданудан шаршадық деп отыр.

Тұрғындардың жергілікті жерден сайланған депутатқа да өкпесі қара қазандай. Кезінде жолды жөндеп беруге уәдені үйіп-төккен халық қалаулысы қазір қол қусырып отыр. Депутат бола отырып, менің құзырыма кірмейді деп, уәдесінен тайқып шықты дейді тұрғындар.

Бір қызығы, тұрғындардың айтуынша, дәл осы екі көше қағаз жүзінде асфльттанып қойған екен. Оны әкімдіктегілер телефон арқылы хабарлапты. Мұны естіген жұрт аң-таң күйге түсіп, ашуға булығып отыр. Осы орамдағы жолдардың ішінде тек екі көше ғана асфальттанбай ортада қалып қойған.

Ұзындығы 1 шақырым, ені 5 метрді құрайтын көшеде балабақша да орналасқан. Әрі осы маңда мектеп те бар. Негізгі жолда кептеліс бола қалса, жүргізушілердің барлығы осы қосалқы көшемен жүйткиді. Бұл жығылған үстіне жұдырық болып отыр.

Негізінен әлеуметтік нысандар орналасқан көшелер бірінші кезекте асфальттануы керек деген әкімдіктегілер өз сөздерінен өздері тайқып шықты. Мұндағы мамандар Есениязов пен Лесов көшесінің қайда орналасқанын білмейді де. Алғашында бұл екі жол асфальттанып қойған деген сала меңгерушісі том-том қағаздарын ақтарып қарай келе кейінгі жауабы былай болды.

Әлеуметтік нысандар бола тұра, бұл екі көшенің кейінге қалдырылғаны түсініксіз. Жергілікті жұрт қыста тағы қиналамыз ба деп, әкімдіктің алдына жиналуға ұмтылып отыр. Әйтпесе жауаптылар жайбарақат жүріске салмастан, биылғы жоспарға енгізуін ойлансын дейді. 


Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz