Жаңалықтар 

Кеденнен кедергісіз өткіңіз келе ме?

Кедендік бақылау департаменті

Еңбек демалысы аяқталып, енді саяхаттап барғандар қайтуға асығады. Шет елден теңіз жағалауында демалған жеріңізден туыстарыңыз бен достарыңызға сыйлықтар мен кішігірім сувенирлер сатып алғанды жөн санайсыз. Алайда сатып алған заттарыңыздың барлығын кеденнен кедергісіз өткізе аласыз ба? Енді елімізге қарай нені алып өтуге болатыны, нені алып өтуге болмайтыны туралы тоқтала кетейік:

Жеке заттарыңызды ауызша декларациялайсыз

Бүгінде кедендік бақылау қызметінің жұмысы жеңілдетілген. Онда «Жасыл дәліз» аталатын арнайы дәліз бар. Бұл арқылы жазбаша декларация толтыруды қажет етпейтін адамдар, яғни өзіне қажетті ғана тауарлар мен заттарды алып өтетіндер өткізіледі. Бұл дәліз арқылы өткен азаматтарды қарауға бірнеше минуттың өзі де жеткілікті. Егер жолаушы азамат қосымша салық төлеуді қажет ететін немесе 200 еуродан жоғары сома тұратын затты алып өтетін болса, онда ол жазбаша декларация толтырып, «қызыл дәліз» арқылы өтуі тиіс. Жолаушының жеке заттары ауызша декларацияланады. Киім, ішкиім, жеке гигиеналық заттар, бағалы металдар мен тас-тардан жасалған қымбат әшекей заттар егер ескі екені байқалып тұрса, ауызша декларацияланады.

Мұның қатарына ноутбук, фотоаппарат, бейнекамера, магнитофон, диктофон сияқты жеке қолданудағы техникалық құрал-жабдықтар да жатады. Әрине, мұның барлығы да бір данадан болуға тиіс. Сіз «жасыл дәлізді» таңдаған болсаңыз да, ол арқылы қандай да бір затты заңсыз алып өтуге болмайды.

Алкоголді ішімдіктер мен картиналарды алып өту

Шетелден елге қайтқандар көбіне естелік ретінде шарап немесе картиналарды сауға ретінде алып келгенді жөн санайды. Көптеген елдерде егер кеден арқылы алып өтіп жатқан тауарыңыздың жалпы құны 200 еуродан аспайтын болса, оны еш қиындықсыз алып өте бересіз. Бұл алкоголді ішімдіктерге де қатысты. Ал біздің елімізден 3 литрден артық алкоголді ішімдік алып шығуға рұқсат етілмейді. Дегенмен әр елдің кедендік бақылауынан алып кірілген заттарға қатысты өзіндік ішкі тәртіптері болады. Картиналар егер олар классикалық құнды картиналар болып табылса, яғни 1950 жылдан бұрын салынған болса, онда оларға арнайы кеденнен өткізілуіне ресми органдардан рұқсат алуға тиіссіз. Сондай-ақ картиналарды сатып алған дүкен берген чекті де сақтап қойғаныңыз мақұл.

Қандай жағдайда қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілік қарастырылады?

Біздің елімізде ҚР заңнамаларына сәйкес, егер декларация толтырылмаған тауардың құны 1000 АЕК-тен асатын болса, онда жолаушы азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бүгінгі таңда бір АЕК көлемі 1680 теңгеге тең. Яғни тауар құны 1 618 000 теңгеден артық болса, онда жолаушы азамат ҚР ҚК 209-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Егер декларация толтырылмаған тауар құны 1000 АЕК-тен аспайтын болса, жолаушы азаматқа әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.

Флеш-карталар мен дискілердегі тасымалдағыштардағы ақпараттар тексеріле ме?

Сіз кеденнен өтер кезде толтырған декларацияңызда осындай ақпарат тасымалдағыш құрылғының бар екендігі және онда қандай ақпарат бар екені жөнінде көрсете салғаныңыз мақұл, себебі егер сізден діни-экстремистік бағыттағы ақпараттар немесе порнографиялық бағыттағы сюжеттердің бар екені анықталса, онда бұл ақпарат тасымалдағыш құралдар ұлттық қауіпсіздік комитетіне жіберіліп, сіздің жолыңыздан қалуыңызға тура келетін жағдайлар болуы әбден мүмкін.

Кеденнен жануарларды қалай алып өтуге болады?

Егер сіз өзіңізбен бірге мысығыңызды немесе итіңізді алып өтпек болсаңыз, онда алдын ала оны кеденнен алып өтуге болатыны туралы ветеринариялық рұқсат қағазыңызды, сондай-ақ жануардың паспорты сияқты құжаттарды дайындауыңыз қажет. Ал ұлттық құндылық саналатын «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарлар мен аң-құстарды алып өтуге тиым салынады.

Кеденнен қалай өту керектігі туралы барлық ақпаратты алдын ала білуге тырысыңыз

– Виза мен төлқұжаттарға қатысты барлық мәселелерді алдын ала пысықтап алыңыз.

– Өсімдіктер мен жануарларға, ас пен тамаққа қатысты сауалдарыңызды фито-санитария мамандары мен ветеринария және экологиялық қызмет көрсететін ресми мекемелерге қойғаныңыз мақұл.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz