Жаңалықтар 

Миллионер ақын анықталды

Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдық торқалы тойына арналған республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті. Еліміздің ең таңдаулы 22 ақыны қатысқан жыр бәсекесінде облысымыздың намысын 9 ақын қорғаған болатын.

Ақтық мәреге 4 жұп жолдама алды. Анығырақ айтсақ, кездесуде Балғынбек Имашев пен (Астана қаласы), Біржан Байтуов (Оңтүстік қазақстан облысы), Әсем Ережеқызы (Шығыс Қазақстан облысы) мен Жарқынбек Наушабек (Оңтүстік Қазақстан облысы), Бекарыс Шойбеков (Оңтүстік Қазақстан облысы) пен Аспанбек Шұғатаев (Павлодар облысы), Нұрлан Есенқұлов пен Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда облысы) жұп болып айтысты.

Айта өтетін маңызды жәйт, ақтық мәреде 1-орынға талас жүрді. Оңтүстік өңірінің ақыны Біржан Байтуов пен павлодарлық ақын Аспанбек Шұғатаев сөз асылын саптаудан сайысқа түсті. Осылайша, 1-орын үшін өрбіген жыр бәсекесі таласты өтті. Қазылар алқасы екі ақынның шеберлігін жұртшылықтиың алдында талқы таразысына салды. Нәтижесінде, Республикалық “Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік” жыр-айтыстың бас жүлдесін Түркістандық Бекарыс Шойбеков қанжығасына байлады.

Бірінші орынды жерлесіміз Біржан Байтуов иеленді. 2-орын павлодарлық ақын Аспанбек Шұғатаевқа бұйырса, 3-орынға Астанадан ат терлетіп келген ақын Балғынбек Имашев лайықты деп табылды. Өзге ақындар да құр қол қалмай, оларға ынталандыру сыйлығы берілді. Ал облыс әкімінің атынан тағайындалған темір тұлпар павлодарлық ақын Аспанбек Шұғатаевқа бұйырды.

Жарқынбек Наушабек сәтті айтыс жасай алмағанын айтады

Жарқынбек Наушабеков, ақын: “Әрине, Оңтүстіктің айтулы тойын айтыссыз өткізу мүмкін емес еді. Бүгінгі той-мейрам да өлкенің сөз қадірін түсінетін өлке екенінің дәлелі болса керек. Ал өзіңіз айтқандай республикалық “Наурыз” жыр-айтыстың бас жүлдесін қанжығасына байлаған Шығыс Қазақстанның ақыны Әсем Ережеқызымен айтысу маған қиындық тудырған жоқ. Әсем – жырдан жақұт жасайтын ақын. Сөздері де, ойлары да орынды. Ұтымды айтқан жыр-маржандары да өзіне келісіп тұрады. Бірақ әттеген-ай тұсы – біз Әсем екеуміз бүгін халық күткен айтысты ұсына алмадық. Сәтсіз болды деп айтуға болады. Бізден ел нағыз жыр-айтысты күткенін білеміз, әрине. Алайда бұйыртқаны осы болды. Бүгінгі республикалық айтыстың әділ өткеніне қуанамын. Қазақтың сөз қадіріне жеткен қазылар алқасы тұрғанда айтыста әділетсіздіктің немесе қиянаттың орын алуы да мүмкін емес еді ғой”.

Әселхан Қалыбекова, қазылар алқасының төрайымы: “Әрине, айтыстың басы-қасында

Әселхан Қалыбекова Бекарыс – Қазақстандағы нөмірі 1-ші ақын дейді

жүрген соң, бастан аяқ қатысқан соң айтыстың әділ өткеніне өзім кепіл бола аламын! Ешқандай бұрмалаушылық, таныс-тамыр деген дүние орын алған жоқ. Құдау мен халық куә ғой. Ал айтыстың тұлпары – Бекарыс Шойбековтың тапқырлығына баршамыз тәнті болдық. “Отырардың құмына кіре алмайсың, арабтарға атойнақ етіп берді…» «Мәсімовтың шығарған қаулысы бар, Тек арабтар атсын деген дуадақты, Алдымен Мәсімовты атар едім, қолыма берсе маған рогаткі» деген жыр жолдарын аса бір батылдықпен айтқан ақынды неге мойындамасқа?! Әдетте біз Бекарысты төмендетіп, басып тайтай беретінбіз. Мұны айтыссүйерқауым жақсы біледі ғой. Үнемі бас бәйгені ала бермей, жастарға – жаңа толқынға, мейман-қонақ ақындарға берейік деп. Қанша жерде осындай жағдайлар жиі қайталанғаны жасырын емес қой. Алайда айтулы жүйрікті төмендете беруге де болмайды. Әділетсіздік жүрген жерде шын таланттан бой жазып қалуымыз ғажап емес. Сондықтан, Бекарысқа бас жүлдені бердік. Бекарыс – нағыз ақын, Қазақстандағы нөмірі бірінші ақын ғой ол. Қазақстанды мойындатқан азулы ақынның тапқырлығына ешкім шүбә келтірмесі анық. Бекарыс – сөз мергені! Айтылар ойдың межесін дөп басады. “Темірді қызып тұрған кезінде бас” демей ме қазекең?! Сол сәтте ұтымды уәждер айта білетін қасиетін айрықша атап өткім келеді. Жасыратыны жоқ, өзіміз де сондай ақын бола алған жоқпыз. Сондықтан, нағыз ақынға лайықты бағасын бердік!”

Маржан Төлепбергенова, көрермен: “Мен де Бекарыстың жеңіске жететінін іштей біліп отырдым. Ондай жыр арыстанын ешкім жеңе алмас. Сондықтан, өте орынды болды. Әселхан апамыз қазылар алқасының төрайымы болып отырғандықтан, еш қам жемей беймарал отырдық қой. Барлығы да дән риза болды. Біздің күткен айтысымыз осы еді. Өте қызықты өтті. Бәрінен бұрын, айтыскер ақындарға шексіз алғысымды білдіремін!”

Мағжан Мырзагелдиев, көрермен: “Мен айтыс басталғаннан Біржанға болыстым. Әрине, шын жүйрік қайда болса да шабатыны анық қой. Алайда, анау 8-ші қатарда отырған апаларамның да айтары бар-ау шамасы. Мен де тыңдап көрдім. Аспанбектің талантын мойындап отыр көпшілік. Ия, расында да Аспанбек – белді ақын. Өз ойын бүкпесіз айтты.Біржанға «Күркесі жақын күшік қатты үреді» деп тауып айтуының өзі аса бір тапқырлықты талап ететіні бар. Енді бірде «Ит достығы сүйекке жеткенінше» деп те қатты айтты. Әрине, “сөз тапқанға қолқа жоқ” демей ме?! Сондықтан, мен негізі Аспанбек жеңіске жетеді деп топшылап отырған едім. Алайда, Оңтүстік өзімізге берді 1-ші орынды да. Аспанбектің жігері түсіп жатыр-ау деп ойлағаным сол, Әли Бектаев облыс әкімнің атынан көлік деп арнайы сыйды табыстады. Бұл өте дұрыс болды ғой. Әйтпеген жағдайда, өзге өңір Оңтүстік жайында тыныш тұрып қалмас еді?! Біржан да жақсы айтыс көрсетті. Алайда, Аспанбектің шебер тілі мен айтқан ащы шындықтары елге қатты ұнағанын айтқым келіп отыр”.

“Тойдың болғанынан боладысы қызық” дегендей, 2 күнге созылған жыр сайысы да аяқталды. Онда суырып салма ақындар Оңтүстіктің шежіресімен қоса бүгінгі тірлікті де жырларына арқау етті. Қоғамдағы саяси ахуалдың сарсаңы мен биліктің бей әрекеттерін ашық айтты. Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын Оңтүстік өңірінің тұрғындар -айтыссүйер қауым разы болып тарасты.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz