Жаңалықтар 

Оңтүстік өңіріндегі мәдени ахуал жаңартуды қажет етеді

Оңтүстіктің мәдени тынысы облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде талқыланды. Бірден айтылғаны, соңғы жылдары салада ілгерілеушілік байқалады. Оған ашылған мәдени нысандар мен жөнделген кітапханалар нысандар мысал ретінде ұсынылды. Алайда, халықты рухани тұрғыда байыту әлі де болса ақсап тұр дейді облыс әкімі.

Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Күлия Айдарбекова

Оңтүстік Қазақстан облысында 750 мәдени және өнер мекемелері халыққа қызмет көрсетуде. Соңғы 3-4 жылдың көлемінде 14 кітапхана, 8 клуб ашылған. Күрделі жөндеу жасалғандары да жетерлік. Шымкентте жаңа нысандар бой көтеріп, жаңаланды. Алайда, жетістіктерден бөлек кемшіліктер де жетіп артылады.

Уәлихан Қайназаров, Сайрам ауданының әкімі: «Клубта меңгеруші мен  күзетшіден басқа адам таппайсың.  Мәдени  орындарға неге адамдар бармайды? Бару үшін не істеу керек?  Адамға қажет болса  телеарналар да  ғаламторға жүгінеді.  Жастарға спорт кешендері қажет,  ғаламтордан мағлұмат іздейтін компьютер бөлмелері  керек. Мүмкін біз олардың қажеттілігі бойынша жұмыс істесек,  жағдай өзгеретін шығар.  Өзіңіз не ойлайсыз осы бойынша?.

Бұл сұрақ мәдениет басқармасының бастығы Күлия  Айдарбековаға қойылды.

Күлия Айдарбекова, облыстық мәдениет басқармасының бастығы: «Штаттар жетіспейтіні рас, ол мәселені біз министрлікте көтердік. Қараша айында шешіледі деген үміт бар. Ал жұмысты жандандыру бойынша тек мәдениет қызметкерлері емес, жергілікті билік те ат салысуы қажет.  Бюджеттен қаржы бөлініп, мәдени ошақтары жөнделуі тиіс. Бірігіп жұмыс істесек нәтиже болады».

Мәдени саладағы жұмысты заман талабына сай, жаңаша леппен жүргізу қажеттігін алға тартқан аудан әкімдері өз ұсыныстарын да жасады. Яғни, қолда бар клубтарды спортпен шұғылдануға және мектеп кітапханаларын интернет желісін пайдалануға бейімдеп, жаңалау керек. Мұнымен келіскен өңір басшысы облыстағы барлық мәдени мекемелеріне қажеттілік пен мүмкіндікті анықтап алып, жұмысқа білек сыбана кірісу керек деп нақтылады.

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Министрлікке, «Мұра» бағдарламасына сілтеп қана қоймай, өзіміздің облыстағы мүмкіншіліктерді анықтайық. Олардың қажеттілігіне мониторинг жүргізейік. 90 жылдардағы тәжірибеге оралайық. Ауылдағы пункте, кітапхана, қажет болса, ғаламтор, спортпен айналысамын десе де тынығамын десе бір жерде. Оған бюджет қаржысын да үнемдейміз. Жарығы бар басқасы бар. Мектептердегі кітапханалардың қорын және компьютер сыныптарын толық пайдалану керек. Мүмкін егерде оқушылар бір аусымда дәріс алса, екіншісінде ауыл азаматтары ғаламторға кіріп, жұмыс істесін. Ол заңға қайшы болмаса неге осылайша жасамасқа».

Алдымен шешімін күттірмейтін мәселелер анықталып, облыстың 2013 жылға арналған бюджетіне енгізілуі тиіс деп есептейді Асқар Мырзахметов. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлкемізде рухани байлыққа қажетті тарихи, мәдени құндылықтар жетерлік. Тек соны дұрыс пайдалана алмауымыз өкінішті-ақ деген облыс әкімі қалыптасқан жағдайды тек жүйелі жұмыс өзгертеді деп жиынды қорытындылады.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz