Жаңалықтар 

Оңтүстіктің өз медалі бар

Сәрсенбі күні облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалық етуімен облыстық наградалық комиссияның мәжілісі өтіп

Сәрсенбі күні облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалық етуімен облыстық наградалық комиссияның мәжілісі өтіп, онда азаматтарды Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттау мәселесі қаралды.

Қазақтың қазыналы мекені болған Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өту мақсатында облыста арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Мерейтойды өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының арасында елге еңбегі сіңген азаматтарды марапаттау мәселесі де көзделген еді. Енді, міне, облыстың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани, ғылым мен спорт салаларында қызмет етіп, аталған салалардың дамуына үлес қосқан азаматтарға облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі табыс етілетін болды.

Негізі бұл медаль Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің 2011 жылғы 28 желтоқсанындағы «Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің наградалары туралы» №212 шешімімен тағайындалған болатын. Медальмен облыстың дамуы жолында қажырлы еңбек етіп, тер төккен кез-келген азамат марапатталады. Дегенмен, марапаттау арнайы комиссияның шешімі негізінде болмақ.

«Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі

Жалпы, облысымыздың мерейтойына арналып әзірленген бұл медаль Қазақстан Республикасы Ұлттың банкінің Өскемен қаласында орналасқан Теңге сарайында әзірленген. Алтын түсті металдан жасалған бұл медаль елімізде қалыптасқан стандарттардан ауытқымайды. Жаңа медаль облысқа сіңірген айрықша еңбегі, экономика мен әлеуметтік саланы, ғылым мен спортты, қоғамдық салаларды дамытуға қосқан елеулі үлесі, құқық қорғау органдарындағы үлгілі қызметі, белсенді қайырымдылық ісі үшін азаматтарды ресми көтермелеу үшін тағайындалған. Бұл медальмен тек облыс тұрғындары ғана емес, өңірдің дамуы мен бұқараның тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына үлес қосқан еліміздің өзге аймақтарының азаматтары да, шетелдіктер де, Қазақстанның мемлекеттік және қоғам қайраткерлері де марапатталады.

Дегенмен, облыс әкімінің «Облысқа сіңірген елеулі еңбегі үшін» медалімен тұңғыш марапатталатын азаматтардың тізімін нақтылау өзекті болып тұр. Облыс әкімі Асқар Исабекұлы бұл медалмен ең алдымен ардагерлерді марапаттау қажет екендігін ескертті. Қала, аудан әкімдерінің, мемлекеттік органдар басшыларының ұсынымдарын қарау және ұсыныстар әзірлеу жөніндегі комиссияның отырысында аймақ басшысы Оңтүстік Қазақстанда қоғамның түрлі салаларында 30-40 жылдан астам уақыт еңбек еткен, елге сыйлы азаматтардың мол екендігін, облыстың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ең алдымен сондай ардагерлердің еңбегін ескеру қажет екендігін айтты.

Облыс әкімі түрлі кезеңдерде Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған азаматтарды да ұмытуға болмайтындығын алға тартты. Күні бүгінге дейін аудан, қала әкімдіктерінен, мемлекеттік органдар басшыларынан келіп түскен ұсыныстарды қарап, сараптама жасаған комиссия мүшелері жиында айтылған ұсыныстарды ескеріп, түрлі толықтырулар жасап «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттау қажет деп саналған азаматтардың тізімін қысқа мерзімде облыс әкіміне ұсыну жөнінде шешім шығарды.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz