Шағын қаланың шырайы ашылмақ

Подпись к снимку
 Кентау қаласына бас жоспарын бекіту 

Кешегі аптада облыстық мәслихаттың депутаттары Кентау қаласына байланысты бірқатар мәселелерді қарады. Қаланың бас жоспарын бекіту, 2013-2015 жылдарға арналған кешенді даму жоспары әрі қысқа дайындық мәселелері халық қалаулыларының назарына ұсынылды.

Алдымен мәслихаттың бюджет және экономикалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясында қаланың 2013-2015 жылдарға арналған кешенді даму жоспары талқыға салынды. Қала әкімінің орынбасары Ерғали Бектаев баяндама оқып, халық қалаулыларына өз уәжін жеткізді. Оның айтуына қарағанда, моноқалалардың санатына кірген Кентауды одан әрі дамыту үшін облыстық бюджеттен қаржы қарастырылу керек екен.

Жоспарға сәйкес, көлемді қаржы қала тұрғындарын жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті дамыту және коммуналдық кәсіпорындардың жұмысын ширату үшін қажет. Моноқаланы көркейту бүгінде өзекті мәселеге айналғанын білесіздер. Қала басшысының орынбасары бұл жоспарды жүзеге асыру үшін 11 млрд. теңгеге жуық қаржы керектігін мәлімдеді. Әрине, айтылған сома аз емес. Бүгінде Кентаудың қысқа дайындығы күрделі мәселе.

Естеріңізде болса, қақаған қыста қазандық жарылып, қала халқы әбігерге түскен еді. Комиссия төрағасы Әбілқасым Досболов бұған басты кінәлі деп қала әкімдігін меңзеді. Бүгінде қаланың қысқа дайындығы ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Халық қалаулылары осы мәселе бойынша Е. Бектаевты сұрақтың астына алды. Күрделі жағдай биыл тағы қайталанып жүрмеуі үшін. Е. Бектаев бұл мәселе бойынша кібіртіктеп, әлі біраз мәселелердің шешілмегенін жеткізді. Оның мәлімдеуінше, басты мәселе теміржолға қатысты. Яғни, теміржол жүйесі жеке кәсіпкерлердің қолына өткен. Осы жолдың бойымен өтуі тиіс жылу қорлары жиі тығырыққа тіреліп жүр. Бірақ, облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов қазандық бойынша ешқандай мәселе туындамау керектігін қадап айтты.

Өйткені, жылу беретін құрылғы биыл жаңадан ауыстырылған.

Бас жоспар әуелі мәслихаттың кәсіпкерлікті

Сонымен бірге, қаланың бас жоспарын бекіту көптен бері сөз болып жүрген. Бас жоспар әуелі мәслихаттың кәсіпкерлікті, құрылыс және коммуналдық саланы дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясында сүзгіден өтіп, сессияның бекітілуіне ұсынылды. Бұған дейін қоғамдық ұйымдар мен қала тұрғындары қоғамдық тыңдау өткізіпті. Қалалық мекемелер де келісімен беріп, Кентау қалалық мәслихатында бірауыздан мақұлданған.

Енді, міне, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы әзірлеген қаланың аумағы облыстық мәслихат депуттарының назарынан тыс қалған жоқ. Ол бесінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті 6 сессиясында қаралып, депуттардың қолдауымен бекітіліп отыр. Бұқара халық сарғая күткен бас жоспар негізінен үш бағыт бойынша жасалған. Бастапқысы 2011 жылға дейін, бірінші кезектегісі 2015 жылға дейін және есептік кезең 2030 жылға дейін.

Оған сәйкес, халық саны 2011 жылдың 1 қаңтарында 61 500 адамды құраса, 2015 жылға дейін 67 мың һәм 2030 жылға дейін 85 мыңға жеткізу басты назарда. Қаланың аумағы да алдағы уақытта ұлғаятын болады. Қазір қаланың ауданы 3 610, 69 гектар болса, келесі межеге дейін 5 678, 31 гектарға жетсе деген дәме бар. Ал есептік 2030 жылы бұл көрсеткіш 6 400,81 гектарға жетеді деп болжануда. Бір айта кетерлігі, іргелес жатқан Түркістан қаласының 1 083,6 гектар аумағы Кентаудың құрамына өтіпті.

Тағабай ҚАСЫМ

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=oUta8CIRjiU[/youtube]