Жаңалықтар 

Тәртіп сақшыларының жұмысы сынға алынды

Облыстық мәслихаттың сессиясы

Кешегі аптада өткен облыстық мәслихаттың сессиясында өңірімізде соңғы кездері орын алған құқық бұзушылық оқиғалардың саны артып отырғаны сөз болды.

Сессияға дейін бұл мәселе Өмірзақ Мелдеханов басқаратын азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және жергілікті өзін-өзі басқару тұрақты комиссиясында талқыға түскенімен, ОҚО ІІД-нің бастығы А. Оспановқа сессия барысында қойылған депутаттық сауалдар аз болмады.

Айта кету керек, облыс әкімінің 2011 жылдың 24 қаңтарындағы қаулысымен ОҚО әкімдігі жанынан құқық бұзушылық профилактикасы жөнінде ведомстволық комиссия құрылып, оның ережесі мен құрамын мәслихат бекіткен болатын. Өкінішке қарай, бұл құжат қағаз жүзінде қалып, жалған ақпар беру мәселелері орын алған жағдайлар да кездескен. Дегенмен ағымдағы жылы аталмыш бағдарламаға облыс бойынша 2 млрд. теңге қаржы бөлінген. Оның 350 мың теңгесіне 82 полиция пункттерін жөндеуден өткізген.

Сондай-ақ 57 автокөлік, 10 жылжымалы патрульдік пункт сатып алынған. Қоғамдық орындарда қылмыстың алдын алу мен бақылау мақсатында 100 бейнебақылау құрылғылары орнатылған.

Депутаттар тәртіп сақшыларына қаржы көп бөлінген сайын олар жұмыс істеуді қойып барады деген пікірде. Бұған дәлел ретінде ағымдағы жылдың 8 айында өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда қылмыстың 37%-ға артқанын, яғни өткен жылы 10,5 мың қылмыс тіркелген болса, биыл бұл көрсеткіш 14,5 мыңға жеткендігін айтты. А.Оспанов жауапсыз қызметкерлерге шара көру мәселесінің де жүзеге асырылып жатқанын, кезектен тыс аттестацияның нәтижесінде өз қызметіне лайықсыз деп танылған 193 қызметкер полиция погонынан айрылғанын айтты.

Депутат Саттар Қуашбаев, Шымкент қаласындағы «Студенттер қалашығы» аумағына полиция пунктін салу жөнінде өзі ұсыныс түсіргенін, алайда ішкі істер бөлімінен ондағы ахуалдың тұрақты болуына байланыс-ты мұндай қажеттіліктің жоқ екенін айтқан жауап алыпты. Ал депутаттың айтуынша, кілең жастар шоғырланған бұл аумаққа полиция пункті керек-ақ. Себебі мектеп оқушыларынан ақша жинау, қорқытып-үркіту мәселелері мұнда жиі орын алатын көрінеді.

Бұл орайда өз ойын білдіргендер де болды. Дегенмен, сессияда ОҚО ІІД-нің жұмысын әлі де болса жандандыру керектігі қадап айтылды. Бұған облыс прокуроры Ибраһим Имановтың баяндамасы біраз жайттың бетін ашып бергені негіз бола алады.

http://www.youtube.com/watch?v=g_3quihXcYE

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz