Қаңғып жүрген қарттар көбейіп барады

Көлік жуу орындарын төрт айдан бері паналап жүрген қаңғыбас
Көлік жуу орындарын төрт айдан бері паналап жүрген қаңғыбас

Соңғы кезде  үй-күйсіз, далада қаңғып жүрген қарттардың саны артуда. Олар әсіресе қыс мезгілі жақындаған кезде көзге көптеп түседі. Қаңғып жүргендерді балалары тастап кеткен немесе ішкілікке салынып кеткендіктен осындай жағдайға душар болады.

Солардың бірі – Майлықожа мен Аймауытов көшелерінің қиылысында төрт айдан бері тұрып жатқан Нина Ивановна Прогунова. 64 жастағы кейуана он төрт жылдан бері далада қаңғып жүргенін айтады.  Қазір көлік жуу орындарында түнеп жүрген кейуана бір ұлым бар дейді. Бірақ оның қайда екені белгісіз. Енді қайырымды жандар жүйке жүйесі дертімен ауыратын әжейді арнайы орталыққа жатқызуды қолға алмақ.

Айта өтейік, белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығында бүгінде  іздеу-сұрары жоқ 155  қарт өмір сүруде. Олардың жасы 50-ден асқан және дені ер кісілер. Мамандардың айтуынша, олардың көбісі өзге елден көшіп келіп, құжатсыз жүргендер мен алкалоьдік ішімдікке әуестенгендер немесе бала-шағалары қараусыз қалдырып кеткендер.

«Біз орталығымызға қаңғып жүрген қарттарды тек медициналық тексерістен кейін қабылдаймыз. Ал орталыққа түсетіндердің денінде құжаттары болмайды. Мамандар олардың құжаттарын қайта рәсімдеп, дұрыстауға көмектесеміз. Сосын қарттар үйіне жібереміз»,-дейді белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Раиса Манамбаева.

Айта кеткен жөн, егер қаңғыбас қарттар жедел –жәрдем көлігімен бірге ауруханаға барғысы келмесе, медицина қызметкерлері оларды күштеп алып кете алмайды.