Жаңалықтар 

Қазағы Оңтүстіктің ұлағатты!

Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығына орай, екі күн бойы ақындар айтысы өтті

Кешегі аптада Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрында облыс әкімдігі мен мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығына орай, екі күн бойы ақындар айтысы өтті. «Сүре айтыс», «Қайым айтыс», «Түре айтыс» болып бөлінген үш кезеңнен тұратын аламан айтыста елімізге танымал ақындардың 11 жұбы үзеңгі қағыстырды.

Айта кету керек, бұл айтыстың өзге жыр додаларынан артықшылығы сол, айтыс өнерінде ауыздықпен тайсалмай алысуға кілең жас ақындардың шыққандығы болды. Айтыс сүйер қауым әсіресе Керекуден келген Аспанбек Шұғатаевтың, Алматыдан жеткен Айсәуле Бейсенханның, қызылордалық Мейірбек Сұлтанханның өнеріне тәнті болды.

Содан да болса керек, Қазақстанның халық ақыны, Жамбыл Жабаев атындағы сыйлықтың иегері Әселхан Қалыбекова бастаған қазылар алқасына шын жүйрікті таңдау алғашқы күні оңай болмады.Оның үстіне қазылар алқасында айтыстың ақтангерлері Қонысбай Әбілов, Әсия Беркенова сынды дарабоздар мен Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбеков, ақын Нармахан Бегалиев сынды өнердің шын жанашырлары отырғанда сахнада сөз жарыстырушы ақындардың да айтар әр сөзге мән бергені көрініп тұрды.

Алғашқы күні айтыстың шымылдығын түрген оңтүстікқазақстандық Біржан Байтуов пен павлодарлық Аспанбек Шұғатаев екінші күні жыр додасының шымылдығын жапты. Ә дегеннен бабында екендігін көрсеткен Байтуовқа көрермен жақтас болып отырған-ды. Бәйдібектік бағланның бет-алысы жаман емес еді. Дегенмен, екінші күні ақтық сайыста, дәлірегін айтқанда бірінші орын үшін болған итжығыста Біржан қарсыласы Аспанбектің тауып айтқан, шалып айтқан сөздеріне тоқтай қоймай, бір сөзін қайталап, бір ойдың шырмауынан шыға алмай кеткені әттеген-ай дегізді. Сөзге тоқтай білген ұлттың ұрпағы екендігін естен шығарып алғандай болды.

Сондай-ақ Оңтүстіктің атынан шыққан Нұрлан Есенқұловты да көп жағдайда, әсіресе алғашқы күні айтыскер ақын емес, жырау, термеші ретінде байқағандай болдық. Көп ретте оның қарсыласына кезек беруді ұмытып, жырдан шашу шашып кеткені бар.

Ал көрерменнің көзайымына айналған Бекарыс бабында екенін тағы бір дәлелдеді. Оның Әсем Ережеқызымен жасаған айтысында қарсыласының «базарың өртеніп кетіпті ғой» деген келемежіне «Бұл не деген заман болды…» дей келіп, «Адамы өртенгендер ұялмастан, базары өртенгенге күледі екен» деп ұтымды жауап қайтаруы жиналғандарды бір желпіндіріп тастады.

Жарасымды айтыс жасағандардың сапында оңтүстікқазақстандық Жарқынбек Наушабеков пен өскемендік Әсем Ережеқызының жезде мен балдыз айтысын да айтып өткен ләзім.

Жыр додасы жүлдесіз өтпесі белгілі. 1,5 млн. теңге тігілген бас жүлде Бекарыс Шойбековке, 1 млн. теңге тігілген 1-орын Біржан Байтуовқа бұйырды. Аспанбек Шұғатаев екінші жүлделі орын мен облыс әкімінің арнайы сыйлығына ие болды.

Қалған айтыскер ақындар да жүлдесіз қалмады. Оларға атаулы сыйлықтар табыс етілді. Орайы келгенде, аламан айтысты көре алмай қалған оқырмандарымызға жыр додасында мықты өнер көрсеткен жұптардың айтысынан үзінді ұсынуды жөн көрдік.

Сая  ЖҰМАҒҰЛОВА

Аспанбек Шұғатаев

Аспанбек:

– Ұлыңның апарса егер әні баққа,
Ағасы бір інісін танымақ па.
Реванш-қа шақырсам айып етпе,
Сен жеңімпаз болмайсың әр уақытта.
Бұл сахна маған да бөтен емес,
Берілген Жұмат Шанин саңлаққа.
Жұматтың ауылынан кеп жатқанда,
Лайық болу керек қой алып атқа.
Атанмен алыссам да жығылмаймын,
Атамның атындағы шаңырақта.
Әй қазақпын атасы – сақ, бабасы – ғұн,
Жұмақ тектес иісі бар даласының.
Ол рас Павлодарға Путин келді,
Байлығын алып кетіп Алашының.
Қалқып алды қаймағын қаны басқа,
Тартып алған баладай бар асылын.
Жұмыр жерін жұмыр басты пенде сынды,
Сезімін сүлік сорған санасының.
Менің елім моп-момын, мөлдір жанар,
Жұмыр бастың келтірген жарасымын.
Мысалы көз үстінде қарыс қабақ,
Қаптаған қытай дейтін қара шыбын.
Ал астыңғы қабағың Ресей боп тұр,
Қит етсе сенен алар бар ашуын.
Қос қабақ аңдыған көз сен боп тұрсың,
Ұйықтаудан басталмасын адасуың.
Сондықтан қара басып қалғып жүрме,
Басқаға бұйырмасын бар асылың.
Екі қабақ қосылып кетер болса,
Қара жерден жоғалар қарашығың.
Шымкентке келіп ем сайрандауға,
Қазақта дәл осындай жайлау бар ма?!
Аспанбек Шымкенттен бір қыз алып,
Осы елдің қазығына байланғанда.
Қалай ғана шапалақ соқпайсыңдар,
Күйеуін сыйлаған ғой Пайғамбарда.
Ал енді мына саған бұрылайын,
Аспанбектен асырар айлаң бар ма?!
Сары айғыры дейді ғой осы жақтың,
Сахнаның төріне жайланғанда.
Маржан, Анар, Кәрима, Ақмаралдар,
Бүгінде жүр екен қай маңдарда,
Олар бүгін бұл жақтан көрінбейді.
Жанар елі жаныңда жайраңдауда.
Үйірін айдалаға жіберіп сап,
Сары айғыр кәрі айғырға айналған ба?!

Бекарыс Шойбеков

Бекарыс:

– Зор екен дайындығың жалпы маған,
Риза болып отыр халқым оған.
Аямай ерттепсің Бекарысты,
Түгелдеп үйіріңде талқылаған.
Маржан, Анар, Ақмарал, Кәрималар,
Оңтүстіктің жұлдызы жарқыраған.
Олар үшін Бекең тек айғыр емес,
Сақ дәуірде туылған алтын адам.
Маған сеніп өздері осында отыр,
Айтыстағы болады деп жарқын адам.
Сенбеген адам құсап неғылады,
Айғыры тұрған кезде арқыраған.
Айтары көп болсыншы ақынның да,
Мықтылық жасау керек тақым мұнда.
Ойбай-ау Жұмат атам қайдасың деп,
Інім-ау жаның шығып бақырдың ба?!
Өзіңнің әлің жетпей жатқаннан соң,
Көмекке атаңды әкеп шақырдың ба?!
Білемін алпыс екі айлаң барда,
Әп сәтте түсе қалдың қайдан жолға.
Халыққа тағы жүкті арта салдың,
Күйеуін сыйлаған деп Пайғамбарда.
Осындай қу баланы көрдім бе әсте,
Сені көріп құтыдай елің қашты.
Күйеуді қолдап, мені қолдамаса,
Қайдан табам сіздердей тағдырласты.
Елде менен аямас қошеметін,
Мен мұндағы білемін әрбір тасты.
Жұрт маған махаббатын суытпайды,
Айтты екен деп өзіңдей жалбыр шашты.
Қазағы Оңтүстіктің ұлағатты,
Жанына жақын тартқан жұрағатты.
Түп тамырын қоймастан түгелденіп,
Аспанбек өлеңменен бұлалатты.
Ал бірақ қазыналы Оңтүстіктің,
Табиғатын біреулер тұралатты.
Созақтың уранынан зиян жоқ деп,
Санамызға бір сөзді сыналатты.
Отырардың құмына кіре алмайсың,
Себебі оның заңы жүдә қатты.
Арабтарға атойнақ қылып берген,
Өкімет кімге артады кінәратты.
Атойнақ болмай қайтсін арабтар жүр,
Аң-құсыңды дым қоймай қуалапты.
Мәсімовтың шығарған қаулысы бар,
Тек арабтар атсын деп дуадақты.
Отырарды қорғаған солар ма екен,
Төбеңе шығарардай бұл арабты?!
Арабтың шейхтары премьерді,
Білмеймін не нәрсемен дуалапты.
Алдымен Мәсімовты атқызар ем,
Қолыма берсе менің рәгәткә-ай-и-и-и….

Біржан Байтуов

Біржан:

– Ау, ағайын тарих – сендер, көне – сендер,
Бізді де қошеметпен демесеңдер.
Қонақпыз деп бұлданып болмадың ғой,
Бізге өкпе айтқышсыңдар неге сендер.
Қонақ деген қойдан жуас болу керек,
Бұл сөздің де астарын елесеңдер,
Төрімізге шығарып сыйлап тұрмыз,
Төбемізге шығарғын демесеңдер.
Жырлаудан ақиқатты жақ талмайды,
Намысым ел алдында тапталмайды.
Жеңемін деп желпініп сөйледің деп,
Аспанбек әрдеңені ақпарлайды.
Ол рас жеңемін деп келіп тұрмын,
Ендеше неге менен сақтанбайды,
Қазақтың біз секілді намысты ұлы,
Жорыққа жеңілем деп аттанбайды.
Далаға жатпаса да бүршік шығып,
Екеумізді шығарды бір жұп қылып.
Қазылардың мұнысына мың рахмет,
Негізінде екі айтысу бұл күштілік.
Күйеу болам деп отқан бұл балаңыз,
Қайта-қайта танытуда қырсық қылық.
Шашынан Аспанбектің ұстап алып,
Алдыңда иірейін ұршық қылып.
Ертістен келіп отқан бұл балаңды,
Арысқа бір алайын тұншықтырып.

Аспанбек :

– Мен сені деп ойлап ем ұлық ақын,
Жалақор екенсің ғой ұрынатын.
Мен әсте өзім үшін жауап берем,
Қазақстанда болса да қырық ақын.
Шымкентті қай жерде жамандап ем,
Бұлай оза қоймайды бүгін атың,
Жігіт болсаң кәнекей дәлелдегін,
Жан болсаң сөз астарын ұғынатын.
Жала жабу Исламда ауыр күнә,
Бәлеқор деп айтады бұның атын.
Біржан-ау басқалардан не пайда бар,
Мінезі минут сайын құбылатын.
Сенің өзің осылай сөйлеп отсаң,
Бес уақыт намазға жығылатын.
Бұл Біржан ел мен жердің досы емес пе?!,
Ел деген ер жігіттің көші емес пе?!
Ол рас жүлде аламын деп қоясың,
Шыққан жігіт едің-ау кеше егеске.
Шымкенттің елімен жолықтық қой,
Демеймін мұның бәрі бос емес пе.
Халықтың шапалағынан нәр алдық қой,
Айтыстың бас жүлдесі осы емес пе?!

Біржан:

– Ай, күйеу, қайда қаштың отыр бері,
Бұл өзі батыр ма еді, ақын ба еді.
Жігіт болсаң шыдап бақ соңына дейін,
Шайтаныңды қағайын шақыр бері.
Аспанбек ел алдында ағыласың,
Бойыңа жырдан жақұт тағынасың.
Біраз жайды айттың ғой бетін ашып,
Бұл Біржан намысыңды жанығасын.
Қайта-қайта шапалақты қоймай қойдың,
Жамау ойлар жүк болып жаныңа шын.
Жүлденің ауылынан аса алмадың,
Осылай өз асыңнан қағыласың.
Айналайын Аспанбек өз мұңыңды,
Жасырып осы ортадан табыласың.
Қайтесің дінді бұнда сен тықпалап,
Жігіт ең талай жерде бағы басым.
Қонақпын деп өңмеңді кере бердің,
Бетіңе мен айтайын оны да ашық.
Қонақты құрметтейтін халық едік,
Болғасын талайлардан бағы басым.
Аспанбек салт-дәстүрді білмеуші ме ең,
Бабаңыздан тараған қаныңа шын.
Жаңа айттым ғой қонақ қойдан жуас болады,
Бұл да бір сөз емес пе бағы басым.
Әрине біз өзіңді сыйлаймыз ғой,
Өлеңнің уызына жарығасын.
Әйтпесе ағайындар шамамыз бар,
Күйеудің шешетіндей шаруасын.
Сыйлағанды білмесең айналайын,
Бұл сенің азаматтық арыңа сын.
Аспанбек саған мен бір ақыл айтам,
Көңіліңе құйып алғын оны да шын.
Қолың көтере алмайтын шоқпарды сен,
Беліңе байлап босқа неғыласың?!
Жапалақ жем іздейді жар басында,
Қыран құс ұя салар тау басында.
Қырандай тектілік пен шыңнан қарап,
Бұл балаң елдің жайын толғасын да.
Облысқа 80 жыл деп жатырмыз,
Танымымыз таяздау болғасын ба?!
Түбімізді танымай өзіміздің,
Тарихымыз айналды шаң басуға.
Облыс орталығы шымшаһардың,
Тарихы терең кеткен 10 ғасырға.
Толқынға мың жайылып қайта тұрдың,
Толқыған дәуірлердің арнасында.
Жылдар зулап, ғасырлар көзден ұшып,
Тіршілік тоқтамастан жалғасуда.
Шымқалам қызыл империя кезінде де,
Жарқылдап ұқсағансың сен жасынға.
Дұшпанымның қадалдың кеудесіне,
Оқ боп зулап айналып қорғасынға.
Шаһардың мың жылдығы деп той қылсақ,
Тағылымды болар ма еді сол расында.
Елдіктің үлгісіндей абыз қалам,
Ерлігің аңыз болар сан ғасырға.
Тарихы тереңдегі шаһарлардың,
Өйткені өзің тұрсың төр басында.
Барлығың елім дейтін ұлансыңдар,
Қол жетпес шыңға біткен шынарсыңдар.
Тепкен кезде топшысы темір үзер,
Қанатымен бұлт тілген қырансыңдар.
Сөйте тұра білмеймін неге ғана,
Бізге кеп өкпе айтуға құмарсыңдар,
Оңтүстік қазақтықтың қаймағы ғой,
Осыны сендер қашан ұғарсыңдар,
Астана мен кейінгі Алматыдан,
Шымкент үшінші қала деп баға берген,
Патшаға қалай қарсы тұрарсыңдар.
Егер бұған наразы боп жатсаңдар,
Ойласып бір амалын қыларсыңдар.
Шымкентті неге үйтің деп менен емес,
Елбасының өзінен сұрарсыңдар.

Аспанбек:

– Абыройын болмайық төккен шелек,
Көңіліне дей алман көктем себеп.
Біз бағана жүріп ек бауырым деп,
Бәрі далада қалды өткенше деп.
Жүлде деп ед алдың ғой жағамыздан,
Ит достығы сүйекке жеткенше деп.
Өлең – теңіз, ал сөзің аққу еді,
Тіліңнің қайда кеткен тәттілері?!
Ауылыңда отырсың кеуде керіп,
Қадамыңның бұл емес сәтті жері.
Жүлде алам деп барлығын ұмыттың ғой,
Демеймін бұдан басқа бақ -дүниені.
Атам қазақ айтпаған тектен-текке,
Күркесі жақын күшік қатты үреді.

Жазып алған – Мөлдір БЕКЕЕВА

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz