Ұстазға ескерткіш қойылды

Ұлы Отан соғысының ардагері, халыққа еңбегі сіңген ағартушы, білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Оңғар Ормановқа білім ұясының алдындағы алаңқайға ескерткіш қойылды
Ұлы Отан соғысының ардагері, халыққа еңбегі сіңген ағартушы, білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Оңғар Ормановқа білім ұясының алдындағы алаңқайға ескерткіш қойылды

Жуырда Бөген ауылдық округі, Сарқырама ауылындағы О.Орманов орта мектебінің 50-жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагері, халыққа еңбегі сіңген ағартушы, білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Оңғар Ормановқа білім ұясының алдындағы алаңқайға ескерткіш қойылды. Ескерткіштің ашылу рәсіміне алыс-жақын жерден ұстаздың көзін көрген кісілер, әріптестері мен ағайын-туыс, бауырлары жиналды.

Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Р.Жолдас, аудандық мәслихат хатшысы С.Спабеков, ауданның төбе биі Б.Игісінов сөйлеп, құттықтау лебізін білдірсе, Ж.Сұлтанбеков естеліктерден сыр шертті. Осыдан соң О.Ормановтың ұлы, «Су ресурстары маркетинг» ЖШС-нің директоры А.Орманов мектептің үздік оқушыларына куәлік табыстап, ақшалай сыйлықтармен марапаттады.

Ол өз кезегінде келешекте жаңа мектеп салуға үлес қосатынын жеткізді. Ал, аудандық білім бөлімінің бастығы М.Нақыпбеков, аудандық мәслихаттың депутаты, «Атамекен-Сарқырама» ЖШС-нің төрағасы Ш.Қожабеков өскелең ұрпақтың білімді азамат болып қалыптасуына жанашырлық танытып, туған жерін түлетуге үлес қосып жүрген Анарбек Ормановтың иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Бұдан 13 жыл бұрын бітірген мектептің түлектері де қарап қалған жоқ. Олар да бір кездері білім нәрімен сусындап, түлеп ұшқан білім ордасына музыкалық аппаратты сыйға тартты.

Мектеп оқушылары мерекелік кешке жиналған жұртшылыққа О.Ормановтың өмірбаянымен таныстырып, көңілді күй мен әсем әуеннен құрылған концертін ұсынды. Іс-шарада ғалым Сәбит Жолдасовтың «Қазақстанның Оңтүстік өңірінің тарихы», жазушы Әбілда Аймақтың «Парасат биігі» және «Қайқауыс патша» кітаптары көпшілікке естелік ретінде ұсынылды.

Бағлан БАЛТАЕВ