Әріптесін өлтірген мұғалім сотталды

Соттың екі отырысы Қазығұртта, ал қалған екеуі Шымкентте өтті
Соттың екі отырысы Қазығұртта, ал қалған екеуі Шымкентте өтті

Оқырманның есінде болса, биылғы жазда Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында жантүршігерлік оқиға болған еді. Қазығұрт ауданындағы мектептердің бірінде зертхана қызметкері болып жұмыс істейтін әйел өзімен бір мектепте жұмыс істейтін мұғалім келіншекті басынан балғамен ұрып өлтірген. Бұл жайында біз газетіміздің сол кездегі нөмірінде жазғанбыз.

Осы қылмыстық оқиғаға байланысты сот өз жұмысын аяқтап, бұл іске соңғы нүкте қойды. ОҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Мырзахан Исаев әріптесін өлтірген әйелге он жыл түрмеде отыру жазасын белгіледі. Дегенмен жәбірленуші тарап соттың бұл шешімімен келіспей отыр. Себебі жәбірленуші тараптың қатысушыларының айтуына қарағанда, бұл қылмыстық оқиғаға қатысты ескерілмей қалған бірқатар мәселелер бар сияқты.

Мырзахан ИСАЕВ, судья: « Сот үкімімен келіспей, жоғары инстанцияға шағымдануға әрбір азаматтың конституциялық құқығы бар. Мен үкімді оқыған кезде жоғары инстанцияға шағымдануға құқылы екендігі жөнінде екі тараптың қатысушыларына да түсіндіргенмін. Шындығында, қай кезде де жәбірленуші тарап берілген жазаны жеңіл деп, ал қарсы тарап жазаны тым ауыр деп санайды. Бұл қалыпты жағдай».

«Соттың екі отырысы Қазығұртта, ал қалған екеуі Шымкентте өтті. Сот үкімі бойынша жазасын он жыл түрмеде өтеуге кесілген Бақтыгүлге тым жеңіл жаза қолданылды деп есептейміз. Сондықтан сот үкімімен келіспейміз. Біз облыстық соттың апелляциялық алқасына шағым түсірмекшіміз. Қалай болғанда да қылмыскер лайықты жазасын алуы тиіс», – дейді марқұм Сарагүлдің қызы Салтанат Балабаева.

Егер жәбірленуші тарап апелляциялық алқаға шағым түсіретін болса, іс тағы да созылатын түрі бар. Сондай-ақ айыпкерге тағайындалған жаза мерзімі бұдан өзгеруі де әбден мүмкін.