Жаңалықтар 

Ауылға барудан қашпайық!

«Дипломмен ауылға» республикалық форумы елімізде осымен екінші рет өтіп отыр

«Дипломмен ауылға» республикалық форумы елімізде осымен екінші рет өтіп отыр. Алғашқы басқосу бас қаламыз Астанада шымылдығын түрген. Келесі жиынның Шым шаһарда өтуі тегін емес. Халқы көп орналасқан облысымызға кешегі аптада  Қазақстанның барлық өңірінен 150-ден астам делегат келді. Үш күнге созылған форум М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың базасында өтті. Шараға еліміздің ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүслім Өмірияев пен Парламент Мәжілісінің депутаттары, облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов қатысты. Бұл биылғы жоғары оқу орнын бітіретін түлектер үшін насихаттық жұмыс болса, өзгелер үшін көкейкесті мәселелерді шешу жолдарын қарастыру, дамыту бағыттарын айқындау болатын.

Жас, білікті мамандарды ауылға тартып, ауылды гүлдендіруге бағытталған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының бастау алғанына биыл үшінші жыл. Жобаға сәйкес осы уақытқа дейін республика бойынша 21402 маман ауылдық жерлерде жұмысқа орналасса, оларды әлеуметтік қолдау үшін мемлекеттік бюджеттен 10 млрд. теңге жұмсалыпты. Бағдарламаның тиімділігі мен артықшылығы немесе кемшін тұстары мен шешілмей жатқан мәселелері аз емес. Облысымызда ел жас-тары осы мәселелерді шешу үшін, өздерінің нақты пікірлері мен ұсыныстарын білдіру үшін республикалық форум өткізді.

Нұрлан Сыдықов, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы

– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасып, тиісті көмегін алу кезінде көптеген қиындықтар болып жатады. Мұның бірнеше себебі бар: жастар жобаның шарттары мен ережелерін дұрыс түсінбейді немесе жергілікті билік жұмысты дұрыс жүргізбейді. Сондықтан осындай мәселелерді шешу үшін, жобаға қатысушылардың басын біріктіргенді дұрыс санаймын. Біз бағдарламаның одан ары даму жолдары мен бағыттарын айқындаймыз, әрқайсымыз ұсынысымызды білдіреміз және соның нәтижесінде шешім қабылдап, Үкіметке, білім мен ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдаймыз.

Айта өтейік, 2009 жылы бастау алған «Дип-ломмен ауылға» жобасына республика бойынша 21000-нан астам жас жұмысқа орналасып үлгерген. Оның 16 000-ы мұғалімдер болса, 4345-і денсаулық сақтау, 653-і мәдени, ал 195 маман әлеуметтік саланы таңдапты. Салауатты өмір салтын қалыптастыруда 227 жас жұмыс атқаруда. Бағдарламаға қатысушылардың саны бойынша көш бастап тұрған Оңтүстік және Батыс Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облысының жастары екен. Оның ішінде шаһарымыздан 1600 маман ауылға жол тартыпты. Оңтүстік Қазақстан облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметі бойынша, үш жылда 1561 жасқа 163468 теңге әлеуметтік көмек ретінде бір реттік жәрдемақы берілсе, 516 маманға 934 809 теңге жеңілдетілген пайызбен баспана алуға несие берілген.

Алайда 760 000-нан астам жастары бар өңіріміз үшін бұл көрсеткіш өте аз. Өйткені әлі де болса жастарымыз ауылды емес, қаланы жағалайды. Өзіне тиесілі жәрдемақы мен несиені, жеңілдетілген пайызбен баспана алу жолында көптеген қиындықтар да кездесіп жатыр. Мұны «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов та жасырмайды. Бұл студенттерге насихаттық жұмыстардың нақты, кейде атқарушы биліктің жұмысты дұрыс жүргізбегенінен деп біледі. Сондықтан мұндай басқосулардың маңызы зор.

Бұған дейін жоба аясында бес сала бойынша мамандарды ауылға тарту ісі қарастырылса, биылдан бастап, мал дәрігері мамандығы да тізімге қосылып отыр. Өйткені мал дәрігері ауылда зәру. Бұл жастардың бос жүрмей, сұранысты қамтамасыз ететініне сенімдіміз.

Берік Оспанов, ОҚО әкімінің орынбасары

– Жас білікті мамандарды ауылға тартып, ауылдың көркеюін басты бағыт еткен бағдарламаның тез арада қабылдануы маңызды еді. Өйткені ауылдық жерлерде барлық сала бойынша білікті мамандар қартайып келеді. Енді олардың орнын басатын білімді жас мамандар ауылға ауадай қажет. Қалада білім алған жастарымыз бар білгені мен түйгенін, тоқығанын ауылға, ілімін ауылдықтардың мақсатына жұмсап, абыройын көтерсе екен деп тілеймін.

Форумның соңында қатысушылар өзара үш ұсынысты тастады. Бұл «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмыс атқаратындар үшін жасалатын үлкен мүмкіндік болмақ. Бірінші, «Дипломмен ауылға» жобасының қатысушылар екі-үш жыл өткен соң «Болашақ» бағдарламасы аясында шет елде мамандығы бойынша магистратураға түсіп, білімін жетілдіріп, тәжірибе жинап қайтса, екінші, «Дипломмен ауылға» жобасына қатысушылар «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елге оқуға кеткенде, олардың төлейтін несиесі уақытша тоқтатыла тұрса, үшінші, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қатысушылары өзара қауымдастық құру. Бұл қауымдастықты тек өздері құрып, өздері басқармақ ойда. Өйткені өз жағдайын өзге емес, өзі айтқан дұрыс болады. Өз проблемасы мен мәселелерін ауылдықтардан артық ешкім біле де, шеше де алмас.

Ал бұл мүмкіндіктер ауылда жұмыс жасайтын жастар үшін жеңілдікпен қарастырылса. Мұндай жағдайда «Жас Отан» жастар қанаты қолдау танытып, үкімет пен биліктегілерден де қолдау күтетінін және осы жобаның іске асуына бірден кірісетінін жеткізді.

Мүдделес жастардың басын қосқандағы мақсат та осы. Ауылды гүлдендіру. Жұмыссыз қалмау үшін білікті жас мамандарды ауылға тарту. Ауқымды жобаның болашағы мықты. Оны дер кезінде пайдалана білу керек.

Махаббат Әбдешова

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz