Жаңалықтар 

Бөржар тоғайы жанашырға зәру

Бөржардағы бұл жер бұған дейін қаланың қалдық суымен батпағы шығып, сасық иісі бүкіл маңайды алып жатқан болатын

Туған жердің табиғатын шын сүйіп, шырайын арттыру үшін тер төгетіндер аз емес арамызда. Десек те, есігінің алдына тал егіп, көгалдандыруға  белін ауыртқысы келмейтіндер де көп. Міне, осындай жалқаулықтан арыла алмай жүргендерге Тұрмахан ақсақалдың тірлігі үлгі боларлық.

Ұл-қызымен ұйымдаса отырып Бөржар маңындағы 12 га. жерді ну тоғайға айналдырған Тұрмахан аға 1997 жылдан бері бұл аймаққа 60 түрлі ағаш еккен. Бөржардағы бұл жер бұған дейін қаланың қалдық суымен батпағы шығып, сасық иісі бүкіл маңайды алып жатқан болатын. Ми батпақ боп жатқан даланың топырағын құнарландырып, түрлі экзотикалық ағаштарды жерсіндіріп, «жұмаққа» айналдыру оңай шаруа емес. «Жұмысты алдымен кәріз жүйесінің қалдық суын тоқтатып, топырақты құрғатудан бастадық. Одан көшет әкеп отырғыздық. Кейбір ағаштарды тұқымынан түлеттік. Енді еңбегіміз еш болмаса екен деп жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жүр. Көгалдандыру, ағаш баптау ісін өзіміз-ақ атқарамыз, тек мына аймақта демалғанға ыңғайлы орындықтар, бастырмалар салуға көмек болса», – дейді Тұрмахан бағбан. Қала маңындағы бұл тоғай қалалықтар үшін демалыс аймағы ретінде қолайлы болары анық. Тұрмахан Пірімқұловтың да көксейтіні осы. 15 жылдан бері бел жазбай тер төккен еңбегінің жемісін көргісі келеді. Шымқаланың маңындағы шырайлы демалыс орны болуға әбден лайық тоғайда қазір қанша түп ағаш бар екенін бағбанның өзі де дөп басып айта алмайды. Ағаштардың біразын арнайы әкеп жерсіндірсе, кейбірін көбейтіп, көшет ретінде баптауда. Мәселен, батпақты жерді құрғату қасиетіне ие Канада терегі, аршаның сан түрі, шаған, сирек кездесетін Балтық ағаштары… Санай берсеңіз, сапалы да сәнді ағаштар жетерлік. Тұрмахан бағбан жасыл желектің түр-түрін көбейту үшін тоғайда барын салудан жалықпайды. Тіпті үйінің алдына талды тұқымынан түлеткен тәлімбағы (питомник) да бар. Оңтүстіктегі Бәйдібек, Созақ, Отырар аудандарында көк шалғынды көбейту үшін де жасыл желектің аумағын арттыру керек, – дейді бағбан. Әсіресе, Арыстанды-Қарабас желінің өтін ұстап қалу үшін ағаш саны көп болу керек. Соңғы алты-жеті жыл ішінде осы мәселеге бас қатырған бағбан глядичия, Кавказ каркасы ағаштарын көбейтпекші. Тұрмахан ақсақал тынбай тірлік етіп, тынымсыз ізденісін тоқтатқан емес. Тек мемлекет тарапынан қолдау болса. Бір өкініштісі, жауапты орындардан сұрау салған хаттарға жауап жазған да, «жасыл желектің жайы қалай?» деп сұраған жан жоқ, – дейді Тұрмахан Пірімқұлов. Осы сауалды қоймақ болып біз ОҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына хабарласқанымызда тұшымды жауап ала алмадық. Былтыр ғана «Отырар» телеарнасы мен «Оңтүстік Рабат» газетіне берген сұхбатында осы басқарма өкілдері бұл тоғайға тамсанғандарын жасырмаған еді.

Тұрмахан Пірімқұлов, қоғамдық негіздегі эколог-кеңесші, бағбан

Тұрмахан Пірімқұлов, қоғамдық негіздегі эколог-кеңесші, бағбан

– Жапан даланың қайсыбір жеріне күндіз-түні қалай күзетшілер қоярсың?! Осынша алқапты жасылдандырып, жайнауына аянбастан тер төктік. Енді мемлекет тарапынан қолдау, көмек болса… «Жайың қалай?» деген тиісті орындардан жан жоқ. Осынша алқапты демалыс орнына айналдырып, көркін арттыру үшін шатыр, арнайы орындықтар секілді жабдықтар қажет. Оның бәріне қолынан кетпен-күрегі түспеген менің отбасымның қолы қысқа. Жасыл тоғайдың аясында, көлеңкелі шатырдың саясында Бөржар жері керемет мекенге айналар еді…

Содан бері де сала мамандары тоғайға келіп, Тұрмахан ағаның 15 жылдан бергі еңбегінің жемісіне баға беріп, қолдан келіп жатса бұл аймақты демалыс орны етуге мұрындық жасауына болар-ақ еді. Әттең, кейде біздегі көп шенеунік жоғарыдан тапсырма болмаса өздігінен халық игілігі үшін игі-іс тындырмайтын әдеті емес пе?!

Туған жердің табиғатын шын сүйіп, шырайын арттыру үшін тер төгетіндер аз емес арамызда

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz