Жаңалықтар 

Баспаға бой бермеймін десеңіз…

Қазан мен қараша айларында әсіресе баспа (ангина) ауруы жиі бас көтереді екен

Күз келді дегенше, мұң келді дей беріңіз. Дәл осы кезеңде аурудың түрлі-түрлісі бас көтеріп, дерт деген дендеп кетеді. Әсіресе тұмау, суық тию мен тамақ аурулары күрт белең алатыны бар. Дәрігерлер мұны климаттың ауысуынан туатын аурулар деп біледі. Қазан мен қараша айларында әсіресе баспа (ангина) ауруы жиі бас көтереді екен.

Көпшілігіміз онша елей бермегенімен, баспаның да өзіндік машақаты бар. Тұмау сияқты инфекциялық және тез тарайтын бұл ауруды асқындырып алсаңыз, соңы күрделі жағдайлармен аяқталуы мүмкін. Әдетте баспа ауруы жүрек, бүйрек және буын ауруларын қоздырып, тыныс алу жолдарын қабындырады. Баспаның қоздырғышы – стрептокок бактериясы.

Баспа адам ағзасының түрлі жұқпалы вирустарға қарсы тұру қабілеті төмендегенде, суық тигізгенде, дәрумендер қоры таусылғанда,шаршағанда пайда болады. Аталған ауруды жұтқыншақ маңындағы бадамша деп аталатын без тудырады. Ол без ісініп, жұтқыншақтың қызаруымен басталады. Мұндайда тамақ құрғап, жұтындырмайды, қол тигізбей ауырады. Дене қызуы көтеріліп, бас ауырады, буын сырқырайды, адам дел-сал болып әлсірейді. Ауру асқынғанда бадамша бездері қабынып, ақшыл сары ірің пайда болады. Баспаны дер кезінде емдемесе, ортаңғы құлаққа өтуі мүмкін. Мұндайда баспа өзінен-өзі жарылады. Ол өте қауіпті. Себебі жарылған баспаны тек ота арқылы ғана алып тастауға болады.

Баспаның екі түрі бар. Жедел баспа және созылмалы. Ауру көбіне жас балаларда кездеседі. Дұрыс ем тағайындалмаған жағдайда ол созылмалы түрге өтеді. Сөйтіп жыл сайын күз және көктем айларында өршіп тұрады. Баспамен ауырғанда міндетті түрде жатып емделу, тамақты жылы ұстау, мезгіл-мезгіл сұйық тағам ішу, жылы компресс қою, жиі-жиі тамақты ас содасымен, тұз ерітінділерімен шаю, антибиотиктер ішу қажет. Баспаның алдын алуда дене шынықтырудың, спортпен шұғылданудың маңызы зор.

Жанат Тәшімбетова, Шымкент қалалық №1 емханасының ЛОР дәрігері

– Ангинамен жиі ауыратын болса, бұл созылмалы тонзилиттің – көмекей бездерінің созылмалы қабынуының белгісі болуы мүмкін. Бұл кезде ангинаның «әдеттегі» симптомдары болады – тамақ ауруы және дене қызуының көтерілуі – болуы және айқын байқалмауы да мүмкін. Көбінесе созылмалы тонзиллит тек дәрігердің қарауында белгілі болады.
Алайда созылмалы тонзиллиттің «жасырын жау» екенін әрқашан есте сақтау қажет. Созылмалы тонзиллиттің қауіптілігі, барлық ағза үшін созылмалы инфекцияның көзі болып табылады.
Ал бұл инфекция 80-ге жуық аурудың себепшісі. Мысалы, бүйректің қабынуы – гломерулонефрит, ревматизм және жүрек бұлшық етінің қабынуы – миокардит. Сондықтан созылмалы тонзиллитті уақтылы емдеу қажет.

Баспа балмұздақ жеуден, аяқтан су өткеннен немесе өзен-көлге шомылғаннан кейін де көтеріледі. Сондай-ақ қызамыққа шалдыққан балада кейін үлкейгенде бас-па ауруы жиі мазалайтыны бар. Себебі ағзада ауру қоздырғыш бактериялар мутацияға ұшырап, қалып қояды. Жас баланың түрлі емге шыдай алмайтындығын ескерсек, кішкентай кезінде аталған бактерияларды жойып жіберетін препараттар қолданылмайды. Соның әсерінен есейгенде баспа дерті туады.

Бұл ауруды жеңіл-желпі, үйреншікті сырқат деп санап, онша елей бермейтіндер көп. Бұл дұрыс емес. Баспамен ауырғанда міндетті түрде үйде жатып емделу керек. Өйткені ол асқынып кетуі мүмкін. Ондай жағдайда жүрекке де шабуылдайтынын айттық. Екіншіден, бұл жұқпалы инфекциялық вирус. Яғни науқас басқаларға да жұқтырады.

Дәрілік препараттардан бөлек, лимон қосқан жылы шай, сүт, минералды суды көп ішкен пайдалы. Жылы компресс қоюдың маңызы зор.

Тамақты шаю үшін 3% сутегі тотығын, марганец қышқылды калийдің (марганцовка) қызғылт ерітіндісін, риванал ерітіндісін (бір стакан суға 1 таблеткасы), сондай-ақ шалфей және түймедағы өсімдіктерінің қайнатқан суын пайдалануға болады.

Тағы бір есте сақтайтын нәрсе – баспамен ауырған науқасты мүмкіндігінше оқшаулап, оған бөлек ыдыс, сүлгі беру керек. Тамақтанғаннан кейін ыдысты мұқият жуып, 10-15 минут суға қайнатып алған жөн. Ал дәрі-дәрмекті өз бетінше қабылдауға болмайды. Оны науқастың жағдайы мен баспаның түріне қарай дәрігер тағайындауы керек. Түрлі дәрілерді өздігіңізше ішіп жазыламын деп ойласаңыз қателесесіз. Өйткені дерттің қоздырғыш вирустары ағзадан толық шығып кетпейді. Ал мұның соңы ревматизмге әкеледі. Буындар ісініп кетеді, бүйректі ауыртады, бауырдың өтін қоздырады.

Ақмарал МЫРЗАХМЕТОВА

Related posts

Пікір қалдыру

1 пікір - "Баспаға бой бермеймін десеңіз…"

Маған хабар беру:
777
Іріктеу::   соңғыларын | алғашқыларын | танымалдарын

Өтініш жедел баспа жайлы жане іріңді іріңсіз туріне аныктама беріңіздерші

wpDiscuz