Шымкентте Республикалық КТК ойындары өтті

Жайдарманның жас достары қала әкімінің кубогы үшін ойнады
Жайдарманның жас достары қала әкімінің кубогы үшін ойнады

Шымкентте көңілді тапқырлар клубының көңілді кеші өтті. Қала күні мерекесіне орай «Шымкент қаласы әкімінің жүлдесі» үшін өткен республикалық деңгейдегі шара еліміздің түкпір-түкпірінен ең таңдаулы құрамалардың басын қосты. «Шымкент жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйытқы болуымен өткен фестивальді Шымкент қаласының әкімі Қайрат Молдасейітов алғы сөзбен ашық деп жариялады. Жиналған жастарды қала күнімен құттықтап, шараға қатысушы құрамларға сәтттілік тіледі. Көңілді тапқырларлар клубының кешін әдеттегідей «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ Президенті Есен Елеукен жүргізді. Айта өтейік, фестивальге республика бойынша Алматы қаласынан «Алматы құрамасы» және «Жаркент», Жамбыл облысынан «Жуалы құрамасы», Қызылорда қаласынан «қызылорда әкімінің құрамасы», ал Шымкент қаласынан «Шымкент жастар құрамасы», «Авиценна», «ОҚМУ құрамасы» және Мардан Сапарбаев атындағы ОҚГИ «Мардан ұландары» өнерпаздары қатысты. Жалпы саны 10 команда қала әкімінің жүлдесі үшін ақтық сайысқа түсті.

Бақыт Амангелдиев, көрермен: «Көңілді тапқырлар клубының ойындары өте керемет әрі қызықты өтіп жатыр деп айта аламын. Әсіресе Есен Елеукенге арналып оқылған жыр жолдары да қызықты екен. Жалпы айтқанда, маған қатты ұнаған құрама қызылордалық «Нан соғарлар» болды. Сол топтың жеңіске жетуіне тілектеспін, сол топқа жақтасып отырғанымды жасырмаймын. Ал ұйымдастырушыларға алғысым шексіз! Себебі, қала күніне қарасты осындай көңілді де жарқын кеш ұсынып отыр. Шымкент – өнер өлкесі ғой, негізі! Сондықтан болар, әрдайым жастарымыздың осындай бастамаларын дұрыс деп қабылдаймыз. Өте орынды әрі ғажайып мерекелі кеш болып отыр!»

Меруерт Мамасәлиева, көрермен: «Мен келгеннен бері таң қалып отырмын. Республикамыздың өзге де өңірлерінен танымал топтар келіп кештің көркін кіргізуде. Қызық әрі көңілді! Жастарға ең қажетті кеш қой бұл! Риза болып отырмыз! Мен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Қызыл өрік» құрамасына жақтасып отырмын. Себебі, олар астарлап тұрып шындықты шеткізіп жатыр ғой. Әрине, ұғар ақыл мен көрер көз болса – түрлі шенеуніктердің де бейқылықтарын салып, көпшілікті күлдіруде. Сондықтан болса керек, мен осы құраманың жеңіске жеткенін қалаймын!»

Шымкент қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы халықтар достығы үйінің сахнасында ойналған КТК нөмірлері көпшілікті күлкіге көмді. Жайдарманның жас достарының өнерлерін тамашалуға жиналған жастардың санында есеп болмады. Ойын арасында қала әкімі Қайрат Молдасейітовке кеменің бағытын ұстатқан ойыншылар Шымкенттің гүлденіп-жайнауы Сіздің қолыңызда! — дегенді шегелеп айтуды да ұмытпады. Ал өз кезегінде қала әкімі болашақтың баянды болуы жастардың еншісінде екенін айтты.

Қайрат Молдасейітов, қала әкімі: «Қала күнін осы жастардың тойлауы арқылы бастағанды жөн көріп отырмыз. Себебі, ел ертеңі жастардың қолында! Әрбір мейрам мен бастаманы жауапкершілікпен сезінуі керек қой. Жастар ешқашан қоғам назарынан тыс емес. Ал бұл тұрғыда «Жайдаманның» атқарар рөлі ерекше! Жалпы айтқанда жастарды салауатты өмір салтына баулуда, жастарды дұрыс тәрбиге шақыратыны тағы бар. Сонымен қатар, «Жайдарман» ойындарының біздің қаламызда өтуі де біз үшін үлкен мәртебе! Ал қала жастарының белсенділік тантуы үлкен мақтаныш! Ал Шымкент қаласы аса бір үлкен жарнаманы қажет етпейтін қала ғой! Ал бүгінгі жастарға сәттілік, ал көрермендерге көтеріңкі көңіл күй тілеймін! Өнер көрсетіп жатқандарыңызға рахмет дегім келеді! Негізі мен жастардың бұл ойынын құптаймын. Көбіне ашып айта алмайтын шындықты осы ойында күлдіріп тұрып жеткізеді. Ал бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді ғой, тек жас өнерпаздар талантының арқасында тапқырлық арқылы жеткізеді! Сондықтан, «ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, жастар жұмыла жұмыс жасайық! Сіздер – ел болашағысыздар!»

Көңілді тапқырлар клубының жастары белсене қатысқан ойында көпшіліктің қошеметіне ие болған құрамалар арасында «Мардан Ұландары» да бар. Қолдарына қазақтың қара домбырасын ала шыққан топтың киім үлгілері де қазақтың ұлттық оюлары түсуімен ерекшеленді. Қоғамдағы көкейтесті мәселелерді де күлдіріп қана жеткізген құрама шеберлік танытты.

«Мардан Ұландары» құрамасы: «Біз өз ойымыздағыдай ойнап шықтық. Жастардың демеуі мен қолдауы өте керемет! Сондықтан болса керек, жастардың күткен көңілді кешті сыйлауда белсенділік таныттық деп айта аламын! Біз өз өнерімізге сенімдіміз. Жүлдеден шет қалмаймыз деген үміттеміз. Алайда ең бастысы жүлде емес, жастардың көңілін аулап, көтеріңкі көңіл күй сыйлау болатын. Біз мақсатымызға жете алдық деп ойлаймын».

Халықты күлкіге көміп, күлкінің дәруменін сыйлаған жас өнерпаздар өнерін таразылау қазылар алқасына жүктелді. Ал қазылар алқасының төрағасы Шымкент қаласы, ішкі саясат бөлімінің бастығы – Болатбек Төлеген.

Ерлан Айтбаев, «Шымкент жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры: «Бұл дәстүрлі көңілді тапқырлар клубының ойыны! Алайда бұл жаттанды емес, мұндағы айтпағым әр ойынның ерекшелігі мен әсері болады. Бұл жолы да жайдарманның жас достары көрермен көңілінің кілтін тауып, әзіл дәрумендерін сыйлады. Сонымен қатар, бұл – қазақша КТК ойындарының дамуын көрсетсе керек. Менің ойымша, жас өнерпаздар өз дәрежесіндегі ойынды көрсете алды!Шымкент әрдайым өнерді бағалаған өлке! Сондықтан қала тұрғындары бұл жолы да «Жайдарманға» деген құрметінен жаңылмады».

Сонымен, фестиваль қорытындысы бойынша, бас жүлдені (қала әкімінің кубогы және 200 мың теңге) қызылоралық «Тұғыш Астана» құрамасы иеленді. 1-орынды (қала әкімінің кубогы және 150 мың теңге) «Мардан Ұландары» (Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институты) жеңіп алды. 2-орынға (қала әкімінің кубогы және 100 мың теңге) «Қызыл өрік» құрамасы (Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті) лайық деп табылды. 3-орынды (қала әкімінің кубогы мен 50 мың теңге) алматылық «Тек қана қыздар» құрамасы қанағат тұтты. «Үздік ойыншы» аталымын (ұялы телефон) – Мереке Қалыбаева еншіледі. Шымкент қаласы әкімінің арнайы жүлдесі (100 мың теңге) қызылордалық «Нан соғар» құрамасына бұйырды. Ал ынталандыру номинациясы – түркістандық «ХҚТУ тарифі», алматылық «Абай даңғылы №5», шымкенттік «Шымкент университетінің құрамасы» мен «Авиценна», Жамбыл облысынан арнайы келіп қатысқан «Алғабасар» және алматылық «Байланыс жігіттеріне» берілді.