Егізбаев Мұхан Кеңесбекұлы
Егізбаев Мұхан Кеңесбекұлы

Егізбаев Мұхан Кеңесбекұлы 1962 жылы 23 қазанда ОҚО, Сайрам ауданы, Қарасу ауылында дүниеге келген. Медицина ғылымдарының докторы, облыстық мәслихаттың 3-шақырылымдағы депутаты, «Қазақстан Парламентіне-10 жыл», «Қазақстан Конституциясына-10 жыл» медалімен «Денсаулық сақтау саласының үздігі» белгісімен марапатталған. Әуес ісі – музыка мен туризм. Оқитын әдеби жанры – дедектив. Үйленген. Майра есімді жары, Шерхан есімді ұлы және Ақбота, Айдана, Аида атты қыздары бар.

– Мұха, 50-ге толғандар «Не бітірдім? Елге, халыққа қандай жақсылық жасадым?» деп өз-өзіне есеп береді дейді ғой…

– Біз «базардан қайтып келе жатқан» адамдардың көшіне ілестік қой. Пайғамбар жасымен есептесек, солай секілді. Қартайып тұрғанымыз шамалы шығар, бірақ расында 50 жаста ердің ойлауы да өзгеше бола ма деп қалдым. Өмірге деген көзқарасың да өзгереді. Бұрын шалалау болса да, істі тез-тез бітіруге құмартып тұрсақ, жылдан-жылға салмақтанып, байыппен ойлап шешеді екенсің.Соңғы үш жылдың көлеміндегі істеген ісіме қарап, осындай тоқтамға келдім. Бұрын кей істі ертеңге қалдырғым келіп, биыл болмаса, тіпті келесі жылға қалар деп жайбарақаттылыққа салсам, бүгінде басталғанды тиянақты аяқтамай, келесі істі қолға алғым келмейді. Тіпті кейде өзімнің қарамағымдағы қызметкерлерім «сіз бұл бағдарламаны жүзеге асыруға тым аз уақыт беріп жатырсыз» деп шағымданады. Мен үшін ол асығыс емес, қайта темірді қызған кезінде соққандай болып көрінеді. Бұрын өзіме үнемі біреу үшін жұмыс істейтіндей көрінетінмін, енді бүгін не істесем де, өзім үшін екенін толық сезінемін. Қазір тіпті демалыста жүрсем де, жаңа идея келе ме, соны қолға алып, жүзеге асырғанша, жаным жай таппайды. Ақыл тоқтаттым десем, тура бір жас күнімде ақылым болмағандай естіле ме, дегенмен, шынында, солай сезінемін. Бұрын жас күнімізде барлығын біреу айтып тұратындай көрінсе, қазір өзіңнің қас-қабағыңа қарап отырған елді көріп, өзіңе қамшы салады екенсің. Жасыңда көптің ортасында болуды қалап тұрсаң, қазір көбірек оңаша қалып,толғанғанды артық көреді екенсің.

– Аға, бүгінде сіз медицина саласының, бір жыртығы болса, жамайын, құлап бара жатса, демейін, бір кішкентай шоқ көрсем, үрлейін деп жүрген азаматсыз. О баста бұл мамандыққа қалай келдіңіз?

– Дәрігер болуды арман ететіндер өте көп. Алайда, екінің бірі дәрігер бола алмасы анық. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу ғана жеткіліксіз. Сондай-ақ, олардың адам өміріне жауапкершілігі, құлшынысы мен адалдығы, адамдығы маңызды. Дәрігер болатын жанға үлкен жүрек керектігі, ақ халатты кір шалдырмау керектігі де бекер айтылмайды. Қанша сын айтылса да, халық дәрігерлер қауымын ерекше құрмет тұтатыны ақиқат. Бұл қызметке келгелі де, оған дейін де «Әр адам өз ісінің маманы болу керек» деген бір ғана ұстанымым бар. Денсаулық сақтау саласында лажбен жұмыс істеуге болмайды. Қызметтің жауапкершіліктеріне байланысты міндеттерің ұлғаюы мүмкін. Бірақ дәрігер ― тәулігіне 24 сағат дәрігер. Ал бұл мамандыққа келуімнің тарихы ұзақ емес. Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде-ақ дәрігер болам дегем, ата-анам құрылыс саласының маманы болуымды қалағанымен, бір күнде шешім қабылдап, Қарағанды медициналық институтына түсіп, педиатр мамандығын алып шықтым. 1986 жылы Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында дәрігер-интерн, 1987 жылы дәрігер-реаниматолог, 1988 жылы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөлімінің меңгерушісі, 1993-2003 жылдар арасында қалалық жұқпалы ауруханасының бас дәрігері,тері-венерологиялық диспансерінің бас дәрігері қызметтерін атқардым. Осы жылдар арасында ұжымымнан тек бір ғана нәрсені талап ететінмін. Ол-қызметке, өзіне деген адалдық. Адал маманның бойы қашан да ізгілікке толы болады.

– Медицина саласына айтылатын сын аз емес. Сала жұмысында кездесетін көп проблемаларды өз аузыңыздан естісек… 

– Жұмыс жүру үшін сын болу керек. Әлбетте, салада кемшіліктер жоқ емес, бар. Ең бастысы, сын нақты болса. Рас, жұртшылық тарапынан кей дәрігерлердің біліктілігіне, этикасына қатысты сындар да болып жатады. Оның барлығы өз арамызда міндетті түрде талқыға салынады, зерттейміз, анықтаймыз, шара қолданамыз.

– Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде біздің аймақ өзге өңірлерге қарағанда көш бастап тұр. Соның ішінде сіз басқарып отырған облыстық ауруханада соңғы 4 жылда жаңадан шыққан аппараттар орнатылып жатыр. Сол заманауи жабдықтарды мамандардың игеруі қалай?

– Шын мәнінде, халықтың өсу көрсеткіші бізде жоғары. Жыл сайын медициналық құрал-жабдықтар алуға 1,5 миллиардтай қаражат бөлінеді. Жетпейтін жабдықтар ғана емес, көнерген жабдықтарды жаңартуға да көп көңіл бөлінеді. Жаңа құрал-жабдықтарды мамандардың игеруі де жоғары деңгейде. Өйткені, қажетті жабдыққа тапсырыс берген бойда дереу жұмыс істейтін мамандарды оқытуға кірісу тұрақты түрде жүргізіледі. Менің мамандарымның барлығы да шетелде білімін жетілдіріп келеді. Астана, Алматы қалаларында да тәжірибелерін жинақтап, дайын маман болып оралады. Кадр мәселесіне өзім өте қатаң қараймын. Клиника базасында жүрген интерндер де тек «5»-ке оқығандар. Ал оларды жұмысқа алу біліктіліктеріне байланысты болмақ.

Яғни біліктілігін көрсетсе, дәлелдесе «жәке,көкесіз»-ақ аламын жұмысқа. Қазіргі күннің қаһарманы атанып жүрген дәрігерлер бізде көп. Әсіресе, жас мамандар шоғыры көңілді демдетеді. Өзге де аймақтармен салыстыра қарағанда көп ретте өңіріміздегі медицина саласының даму деңгейі де өте жоғары. Өз басым көрсеткішке онша көңіл бөлмеймін. Әйтсе де, көрсеткіш біздің жұмысымыздың бағасы. Көрсеткіштер бойынша айтар болсақ, денсаулық сақтау саласының қазіргі деңгейі жоғары бағаланып отыр.

– Дәрігерлердің әлеуметтік жағдайлары жөнінде тоқталып өтсеңіз?

– Баршаға аян, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы 20-25%-ға көтерілді. Оған қоса, емхананың дәрігерлері мен орта буынды қызметкерлеріне аурушаңдық көрсеткішінің төмендеуіне байланысты ынталандыру төлемақысы төленуде. Аурухана қызметкерлерінің жалақысына істеген жұмыс көлеміне қарай үстеме қаржы қосылады. Оның барлығы, көлеміне қарай министрлік арқылы шешіледі. Бұл жерде біреудің көзіне, біреудің сөзіне қарап беретін қаржы жоқ. Тағы бір артықшылығы, сол қаражаттың 10%-ы міндетті түрде мамандардың біліктілігін жетілдіруге жұмсалады.

– Арманыңыз бар ма?

– Армансыз адам болмайды ғой. Менің арманым – облыстық аурухананы шипажайға айналдыру. Мұнда адамға тек медициналық емес, рухани ем көрсетуіміз қажет. Бұл жоба шетелдерде әлдеқашан жүзеге асқан. Қызмет, ем толықтай жоғары қызметке көшіп, қонақүйде жатқандай әсер қалдыруы керек. Науқас аурухана төсегіне таңыламын деп емес, демаламын, сауығамын деп келуі керек. Бұл менің басты арманым.

– Арманыңызға жетіңіз ендеше, салиқалы сұхбатыңыз үшін рахмет! Еңселі 50 жасыңыз тағы да құтты болсын!

Сұхбаттасқан – Ақмарал Алтынбекқызы