Шымкенттегі орталық саябақ өзгеріп кетті

Орталық саябақ жаңғыртылып жатыр
Орталық саябақ жаңғыртылып жатыр

Бүгін Шымкенттегі орталық саябақта ардагерлер үйінің негізі қаланды. Бұл қала күні мерекесіне орай ұйымдастырылған айтулы шаралардың бірі. Бұған дейін тұрақты қонысы болмаған аға буын өкілдері жер-жерлерде көшіп-қонып жүрді. Мұны ардагерлердің өзі де талай мәрте айтып та жүрді. Ақыры дегендері болып, бүгін құрылыстың алғашқы қадамы жасалды. Ардагерлердің қуанышымен бөлісуге облыс әкімі де келді. Аға буын өкіолдерімен бірге орталық саябақты аралап көрді. Мұнда қазір жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Демалыс орнын жайлап кеткен коммерциялық нысандар алынып тасталды. 14 сауда саттық орны бұзылып, саябақ қайта қалпына келтірілуде. Түрлі мүсіндер орнатылып, орындықтар қойылуда. Мұның бәрі қала қонақтары мен халқының игілігіне жасалынып жатқан жұмыстар. Ал аға буын өкілдері үшін бүгін арқаны кенге салып, думандататын күн.

Көптен күткен ардагерлер үйінің негізі қаланды. Аға буын өкілдерінің қуанышында шек жоқ. Олар тіпті, ақ түйенін қарнын жаруға да әзір. Келелі істерді келісіп, кеңесетін, бас қосып бағдар түзетін мәселелерді ардагерлер енді осында талқылайды.

Облыс әкімі аға буын өкілдеріне әлі талай игі іс жасалынатынын айтты. Айта кету керек, ардагерлер үйінің құрылысы 2013 жылдың басында басталмақшы. Сөйтіп, келер жылдың соңында қариялар қауымының пайдалануына беріледі. Құрылысы енді басталатын ардагерлер үйінің маңына жасыл желек отырғызылды. Асқар Исабекұлы қариялар қауымымен бірге саябақты көгалдандыруға үлес қосты.

Орталық саябақ жаңғыртылып жатыр

Аға буын өкілдері облоыс әкіміне орталық саябақтың енді-енді гүлденіп келе жатқанын жеткізді. Орталық саябақтың көркейіп келе жатқанымен демалыс орнына келушілер де келіседі. Қала тұрғындары көпшіліктің көп жиналатын орны қалыпқа келуде деп қуанып жатыр.

Бүгінде орталық саябақта әлі де болса көріктендіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұйыртса, енді жуық арада жаңғырту ісі аяқталып, демалыс орны қайта ашылады. Қалың қауымның таңданысын сол кезде көретін боламыз.