Алашорда ұлттық үкіметінің құрылғанына 95 жыл

Басқосуда 2017 жылы болатын Алашорда ұлттық үкіметінің 100 жылдығына қазірден бастап дайындалу мәселесі де талқыланды
Басқосуда 2017 жылы болатын Алашорда ұлттық үкіметінің 100 жылдығына қазірден бастап дайындалу мәселесі де талқыланды

Биыл Алашорда ұлттық үкіметінің құрылғанына 95 жыл толды. Осы даталы күнге орай облыстық филармонияда ғылыми-практикалық конференция басталды. Тәуелсіздікке жетуде елі үшін аянбай тер төгіп, Қазақтың ұлт ретінде сақталып қалуына үлкен үлес қосқан Алаш арыстары жайлы мұндай үлкен жиын облысымызда тұңғыш рет өткізіліп жатыр.

Бұл бас қосудың 13 желтоқсанда өтуі де тегін емес. Өйткені, осыдан тұп-тура 95 жыл бұрын Алаштың арда ұлдары мемлекет құрып, оған Алашорда деп ат берді.

Бұл туралы «Сарыарқа» газетінде Әлімхан Ермеков «Декабрьдің 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге Алаш автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып, жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды» деп жазған еді.

Алаштың ұлы ұлдары туралы фильмдер қазір еліміздің барлық аймақтарында кеңінен насихатталуда. Мұнан бөлек, республиканың көптеген қалаларында бүгіндері ғылыми конференциялар өткізіліп жатыр. Бұл 5 жылдан кейін келетін Алашорданың 100 жылдығына дайындықтың алғышарты десек артық айтқанымыз емес.

Алаш арыстарының ұрпақтары да бүгінгі жиыннан табылды. Алматыдан арнайы келген Айман апа сол асылдардың сынығы. Ахмет Байтұрсыновтың жалғыз қызынан тараған немере бұл күндері нағашы атасының мұражайына иелік етеді.

Тәуелсіз елдің ұрпақтары ендігі жерде ұлтым деп түн ұйқысын төрт бөлген арыстардың жарыққа шықпаған еңбектерін келер ұрпаққа жеткізіп, аманттау керек делінді жиында. Жыл сайын келетін Тәуелсіздік тойында алашордашылардың бейіті, ескерткіштеріне барып, тағзым етсек тұлғаларға тағзымның төресі сол болмақ.

Айтпақшы, бүгіннен бастап Алаш арыстарының еңбектері мен өмірбаяндары жазылған Alashorda.kz порталы да жұмыс істейді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Cf2FC9GOyns[/youtube]